2021 жылы танымал болған қастандық теориялары
Былтыр қазақстандықтар түрлі қастандық теорияларын сөз етті. Олардың көмегімен Желі қолданушылары болашақты «болжап», не болып жатқан жағдайды «түсіндірді». Біз өткен жылы әлеуметтік желі қолданушылары арасында танымал болған ТОП-5 қастандық теориясын анықтадық.
1. Жаңа Әлемдік Тәртіп
Жаңа әлемдік тәртіп – бұл әлдеқайда ауқымды Deep State идеясының бір бөлігі болып табылатын қастандық теориясы. Оған сәйкес, планета халқының санын қысқартып, тірі қалғандарды құлға айналдыратын және қоғамда қалыптасқан нормалар мен қағидаттарды өзгертуге ниетті сатанистер мен иллюминаттар кіретін көлеңкелі үкімет әлемді басқарады.
Кейбір қазақстандықтар осындай идеялардың шынайылығына сенеді және құпия билеушілерге «қарсы тұру» үшін айналасындағыларды «хабардар етуге» барынша тырысады.
Мәселен, олар әлеуметтік желілерде пандемия – бұл әлемдік үкіметтің қастандығы деп жазды. Мақсаты – адамзатты жою. Кейіннен теория одан ары өрбіп, вакцинацияны да қамти бастады, кейбір қастандық теориясын жақтаушылардың пікірінше, ол адамзаттың басым бөлігін өлтіруге, ал басқаларының айтуынша, вакцинацияланған адамдардың ақыл-ойын билеуге бағытталған.
Бұл қастандық теориясына қоғамдағы болашақ түбегейлі өзгерістер туралы «идеялар» да жатады. Мысалы, кейбір пайдаланушылар күзде әлемдік экономиканың құлдырауын, бүкіл әлемде электр қуатының ажыратылуын, жеке меншіктің жойылуын, отбасы институтының жойылуын және т.б. болады деп болжам жасады. Бұл «сәйуегейліктің» барлығы негізсіз.
2. Химтрейлдер теориясы
Бұл теорияда әр түрлі елдердің үкіметтерінің бұйрығымен қалалар мен ауылдарда ұшқан ұшақтар улы заттар шашады. Былтыр бұл идея қазақстандықтар арасында ерекше танымал болды. Қалалардағы ауа сапасының нашарлығы, COVID-19 пандемиясы және кейбір адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістер осылай түсіндірілді.
Шындығында, химтрейлдер теориясына дәлел жоқ. Теріске шығарылған фейктерді мына жерден оқуға болады.
3. «Көк сәуле»
Конспирологтардың айтуынша, бұл NASA-ның құпия жобасы, оның мәні әлем бойынша жүздеген мың алып проекторларды орнату болып табылады. Теорияға сәйкес, бұл құрылғылардың барлығы әлем бойынша бір уақытта қосылады және аспанда Мәсіхтің бейнесін салып, не істеу керектігі жөніндегі нұсқауларды тікелей адамдардың миына жеткізеді.
Өткен жылы қазақстандықтар NASA проекторларының сынақ ұшырулары камераға түсірілді деп осы теорияның дәлелі ретінде әртүрлі бейнероликтер ұсынды. Шын мәнінде, видеода Қытайдағы ән шырқайтын субұрқақ, ерекше пішінді бұлт және мәтіндік жарнама болды.
Сондай-ақ, Қазнет пайдаланушылары Илон Маск іске қосқан StarLink спутниктік интернет жобасы шындығында «Көгілдір сәуле» құпия жобасының бір бөлігі болып табылады деп жазды.
4. Өзге ғаламшарлықтар
Кейбір қазақстандықтар жерден тыс аса дамыған өркениеттердің бар екендігіне ғана емес, сондай-ақ құпия әлемдік үкімет мүшелері олармен тығыз байланыста екендігіне сенеді. Мәселен, былтыр мамыр айында әлеуметтік желілерде «сириандықтар» туралы жазылды, ал шындығында олар цирк әртістері болып шықты. Қазан айында пайдаланушылар өзге ғаламшарлық бейнеленген мерейтойлық монетаны Елизавета II-нің жерден тыс өркениеттермен байланысын растайды деп санады, ал қараша айында олар барлық егілген адамдарды рептилойдтар нәсілінен шыққан келімсектер Альфа Центавра шоқжұлдызына алып кетеді деп мәлімдеді.
Бұған қарамастан, ресми дәлелдеу ғылымы әлі күнге дейін Жерден тыс саналы тіршілік иелерінің іздерін таппады.
5. Q-Anon
Бұл қазіргі кездегі ең ауқымды және қауіпті қастандық теорияларының бірі. Ол адренохром – нәрестелердің миынан алынатын зат үшін нәрестелерді өлтіретін, жас балаларды сататын, педофилиямен айналысатын және әлемді жасырын басқаратын саясаткерлер мен атақты адамдардың белгілі бір тобы бар дегене негізделген. 2021 жылдың басында бұл теория өте қауіпті ғұрып деп танылды, дегенмен, оның идеялары әлем бойынша таралуда.
Бұл теорияның неге шындыққа жанаспайтындығы туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.
Қорытындылай келе, бұл теорияларға ортақ нәрсе: олардың қисынсыздығы және Жерді жасырын басқаратын «әлемдік үкімет» пен «рептилоидтардың мақсаттарының түсіндірілмейтіні. Көп жағдайда олар өздеріне қайшы келеді және ешқайсысының дәлелі жоқ.