Fake News

Фейк: «Қан қысымына қарсы дәрі-дәрмек құрамындағы жыланның уы қатерлі ісік ауруына әкеледі»

Желіде тараған видеода қан қысымын төмендететін препараттар қатерлі ісікке әкеледі делінген. Себебі олардың құрамында бразилиялық жыланның у бар. Бұл рас па, анықтайық.

Мануалды терапевт болып жұмыс істеген, бірақ қазір лицензиясы жоқ Брайан Ардис осындай мәлімдеме жасаған. Алайда ол тірек-қимыл жүйесін емдеу саласындағы маман ретінде емес, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратушы ретінде танымал. Ардистің Instagram парақшасы бар, онда ол түрлі фейктерді жиі жариялап тұрады.

2022 жылдың сәуір айында ол COVID-19 қарсы вакциналарда жылан уы бар және олар адамдарды улау үшін жасалды деген мәлімдеме жасады. Сонымен қатар, бұрынғы хиропрактик сутектік асқын тотығы обырды емдей алады дейді. Алайда Ардис ешқашан өз сөздеріне сенімді дәлел келтірмейді. Сондықтан фактчекерлер оның жалған ақпаратын оңай теріске шығара алады.

Ағзаның артериялық қысымды реттейтін бірнеше тетігі бар. Солардың бірі – ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесі. Бұл жүйенің негізгі элементі – ангиотензин гормоны. Ардис қысымды төмендететін дәрілер туралы айтқанда ААФ тежегішін жиі атап өтеді. Ангиотензиннің белсенді түрі ангиотензин-ауыстыратын ферменттің (ААФ) әсерінен түзіледі. Ғалымдар ангиотензин мен ААФ-тың артериялық қысымға қалай әсер ететінін түсінген кезде гипертонияны емдеуде осы тетіктерді пайдалануға болатынын ұқты.

Осындай жаңалық ашқан ғалымдардың бірі – Джон Вейн. Ол 1982 жылы аспириннің әсері жөніндегі зерттеулері үшін физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығын алған. 1960-жылдары Вейн және оның әріптестері бразилиялық жылан Bothrops jararaca уының құрамындағы бір заттың ААФ-тың қуатты тежегіші екенін анықтады.

Бұл жаңалық алғашқы ААФ тежегіші – каптоприл препаратын жасауға жол ашты. Ол жылан уының компоненті негізінде зертханада синтезделген.

Каптоприл зертханада пептидтер синтезі арқылы жасалды, ал Ардис атап өткен лизиноприл – оның синтетикалық туындысы. Бірақ каптоприллдің де, лизиноприлдің де құрамында жылан уы жоқ. Олар тек у құрамындағы заттың құрылымы мен қызметін қайталайды.

Жоғары қысымды бақылаусыз қалдырса, ол жүрек, ми және бүйрек сияқты маңызды ағзаларға зақым келтіруі мүмкін екені бұрыннан белгілі. Соның салдарынан жүрек жеткіліксіздігі, инсульт, бүйрек жеткіліксіздігі мен көру қабілетінің жоғалуы сияқты мәселелер туындайды. Бұл аурулар кей жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.

2018 жылы Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу ААФ тежегіштері өкпе обырының қаупін 14%-ға арттыруы ықтимал екенін көрсетті. Алайда бұл зерттеу бірқатар сынға ұшырады. Лондон мектебінің фармакоэпидемиология профессоры Стивен Эванс зерттеу талдауы нақты болғанымен, кейбір маңызды факторлар, мысалы темекі шегу мәртебесі ескерілмегенін айтты. Ал темекі шегу өкпе обырының қаупін 20 есе арттыра алатыны белгілі.

2020 жылы британдық жүрек қоры жүргізген ауқымды зерттеу ААФ тежегіштерін қолдану мен обыр арасында ешқандай байланыс таппады. Бұл зерттеуге шамамен 260 мың адам қатысқан, оның нәтижелері 31 клиникалық сынақты қамтиды.

Айта кету керек, кейбір зерттеулер каптоприлдің өкпе обырына қарсы ем ретінде қолданылу мүмкіндігін де қарастырады. 2021 жылы тышқандарға жасалған тәжірибе каптоприлдің глиосаркома жасушаларының көшуін тежейтінін көрсетті.

Сондай-ақ, соңғы жылдары ғалымдар жылан уының обыр ауруының дамуына қалай әсер ететінін зерттеуде. Мақсат – у құрамындағы пайдалы қосылыстарды тауып, оларды сау тіндерге зиян келтірмей обыр жасушаларын жою үшін қолдану.

Қорыта айтқанда, Брайан Ардистің қан қысымын төмендететін дәрілерде жылан уы бар деген мәлімдемесі жалған және адамдарды шатастырады. ААФ тежегіштері – у құрамындағы затқа ұқсайтындай зертханада синтезделген, тек еліктейтін дәрілер. Кейбір зерттеулер дәрілер мен обыр арасындағы ықтимал байланыс туралы айтқанымен, бұл деректер сенімсіз және бірнеше рет сынға ұшыраған. Сондықтан таралып жатқан бұл ақпарат – фейк.

Басқа жаңалықтар

Back to top button