Fake News

Фейк: «Пандемия мен жаппай егу 1981 жылы жоспарда болған»

Танымал Telegram арналарының бірінде COVID-19 пандемиясы және осы ауруға қарсы жаппай вакцинация 40 жыл бұрын жоспарланған деген хабар тарады. Бұған дәлел ретінде саясаткер Жак Атталидің сөздері келтіріледі. Бұл жалған.

Жак Аттали – француз саяси қайраткері, экономист, жазушы және банкир. Ол саясат пен экономикаға арналған бірнеше кітаптың авторы. Сонымен қатар бірнеше эссе, балалар әңгімелері мен романдар жазған. 
Жак Аттали айтты деген мынадай дәйексөздер келтірілуде:
«Вакцинация – бұл қоғамды ескі, ауру, қорқақ және ақымақ адамдардан тазарту тәсілі».
«Болашақта популяцияны азайту жолын табу туралы сөз болады. Кәрілерден бастайық, өйткені олар 60-65 жастан асқанда, қоғам үшін қымбатқа түсе бастайды. Содан кейін қоғамға ештеңе бермейтін әлсіз, пайдасыздар, өйткені олардың саны арта бастайды, ең соңында, ақымақтарды. Эвтаназия осы топтарға бағытталған».
Ол сондай-ақ былай деген екен: «Біз нақты адамдарға бағытталған пандемия, нақты экономикалық дағдарыс, кәрі және семіз адамдарға, басқа да адамдарға әсер ететін вирус шығарамыз немесе қоздырамыз, ал әлсіздер оған көнеді, қорқақтар мен ақымақтар оған сенеді және бізге оларды емдеуге мүмкіндік береді, оларды біздің дәрі-дәрмекпен емдеуімізді сұрайтын болады. Біз ем-домның қол жетімді болуын және қамтамасыз етілуін қолға аламыз – біздің бұл еміміз шешім болады. …Ақымақтарды іріктеу өздігінен жүреді және олар бақытты болып, өздері қырылады».
Жак Атталидің бұл сөздері «L’ avenir du Futur» кітабында жарияланған, оны жазу үшін авторы Мишель Саломон саясаткерден сұхбат алған екен.
Шын мәнінде, Жак Аттали мұндай ештеңе айтпаған. AFP басылымы кітапты шығарған баспаға сауал жолдаған. Олар Жак Атталидің «120 жылға дейін өмір сүру мүмкін бе және мұны армандауға бола ма?» деген сұраққа жауап берді деп айтқан, сондай-ақ, Жак Атталидің вакцинация, пандемия немесе вирус туралы айтпағанын дәлелдейтін кітап беттерінің скриншоттарын жіберген.
– Адам алпыс немесе алпыс бес жастан асқан кезде және оның өнімділігі мен кірістілігі төмендей бастағанда, ол қоғамға қымбатқа түседі. < … > Шын мәнінде, қоғам үшін құндылық тұрғысынан алғанда, адами машинаның біртіндеп нашарлағаннан гөрі кенеттен жұмысын тоқтатқаны жөн», – делінген дәйексөздің түпнұсқасында. 
Жак Атталидің пандемия мен вакцинацияны «болжаған» теориясын Snopes басылымы да жоққа шығарды. 
Жак Аттали оның 65 жастан асқан адамдарға эвтаназия жасауды насихаттайтыны туралы қауесет таратушылармен күрескен. 1985 жылы желтоқсанда Ол Medico-Social Profiles журналына қарсы істе жеңіске жеткен, онда саясаткер қарттарды өлтіруге шақырады деп мәлімделген болатын. 
Қорыта айтқанда, Жак Аттали ешқашан пандемияны болжамаған, оны жоспарламаған. Сондай-ақ, 65 жастан асқан адамдарға эвтаназия жасау мен жаппай өлтіру әдісі ретінде вакцинация туралы мәлімдеме жасамаған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button