Фейк: «COVID-19 – бұл фосгенмен улану»
Қазнет қолданушылары химтрейлдер конспирологиялық теориясын алға тартуда. Бұл жолы олар ұшақтар улы газ – фосген шашады, ал онымен улану белгілері COVID-19 белгілеріне ұқсас деп мәлімдеді. Бұл жалған.
Фосген – COCl2 формуласы бар өте улы түссіз газ. Онымен дем алған кезде адам өліп кетуі мүмкін. Фосгенмен уланудың белгілері – жөтел, тамақтағы қыжыл, көздің жасаурауы, жүрек айну және құсу. Фосген теріге тиген жағдайда күйікке немесе үсуге ұқсайтын белгілер қалады. Айта кетейік, бұл симптомдар тізімі COVID-19 белгілерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл ауруды жұқтырған кезде теріде ешқандай зақым болмайды, көз жасаурап, тамақта қыжыл болмайды. Пациенттер кеудедегі ауырлықты, бұлшықеттердің ауырсынуын, шаршау мен басқа да белгілерді сезінеді.
Фосгенмен уланудың алғашқы белгілері газды сезгеннен кейін 4-8 сағаттан кейін пайда болады. COVID-19 белгілері ауру жұқтырған соң 14 күн ішінде, ал кейбір жағдайларда одан да кешірек біліне бастайды.
Фосгеннің ерекше иісі бар екенін атап өткеніміз жөн. Газдың төмен концентрациясында жаңа шабылған шөптің, ал үлкен концентрациясында шіріген шөптің иісі шығады. Тиісінше, фосгенді бүкіл жерге шашса, оның иісі сезілетін еді.
Фосген БҰҰ-ның «Химиялық қару әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы» конвенциясында көрсетілген белгілі бір қауіп төндіретін химикаттар тізіміне кіреді. Демек, фосгенді тек бейбіт мақсатта ғана өндіруге және сақтауға болады. Атап айтқанда, фосген пестицидтер мен әртүрлі органикалық қосылыстарды өндіру үшін қолданылады.
Фосгенді өндіру мен қолдану қатаң бақыланады. Дегенмен, газдың ағып кету жағдайлары болады. Мысалы, 2016 жылы Үндістанда зауыттардың бірінде осындай оқиға салдарынан төрт қызметкер қаза тапты. Яғни, фосген өте қауіпті және оны адамдар көп шоғырланатын жерлерде әдейі шашса, адамдар жаппай уланып, аз уақыттың ішінде қайтыс болады.
Қауіпті газ шашу туралы теория COVID-19-дың белгілі таралу жолына да қайшы келеді. Бұл аурудың қоздырғышы адамнан адамға ауа-тамшы жолдары арқылы берілетіні белгілі. Осылайша, бос көшеде серуендеп жүріп, ауру жұқтыру мүмкін емес, ал адамдар көп шоғырланатын супермаркетте немесе мейрамханада ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары.
Қастандық теориясының шынайылықпен сәйкес келмейтін тағы бір тұсы – аурушаңдық деңгейі жоғары аймақтарда енгізілетін локдаун және өзін-өзі оқшаулау режимі. Өйткені, адамдарға үйде қалуға кеңес беріп, оларды көшеде қасақана улау мағынасыз.
Жалпы, химтрейлдер, ұшақтардан белгілі бір химиялық заттарды шашу туралы идеялар -бұл ешқандай дәлелі жоқ қастандық теориясы. Бұл туралы біз егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.
Дәлел жоқ: «Химтрейлді жасаушы олардың мақсаты туралы айтып берді»