Фейк: «Қияр мен қызанақ қатерлі ісік ауруын тудырады»

Желіде қияр мен қызанақ қатерлі ісік ауруын қоздырады деген ақпарат тарады. Видеожазбада өсімдіктер тұқымдарын қорғау үшін лектин атты арнайы ақуыз шығаратыны айтылған. Бұл заттар адам ағзасына енген кезде «жарылып», қабыну, аутоиммунды аурулар тудырады және онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін. Видео авторы әсіресе қауіпті деп тұқымдары бар көкөністер мен жемістерді атап өтеді. Бұл – жалған мәлімдеме.
Видео Алексей Капустин есімді адамның Instagram парақшасында жарияланған. Ол өзін халық емшісі және висцеральды терапевт ретінде таныстырады. Интернеттен іздесеңіз, оның өзін нумеролог, цифрлық психолог, коуч және тренер ретінде сипаттайтынын байқайсыз. Яғни, бұл адамның ресми медицинаға да, биологияға да ешқандай қатысы жоқ.
Видеода Капустин өз мәлімдемелерін ешқандай дәлелмен негіздемейді. Ол, 2017 жылы жарық көрген америкалық кардиохирург Стивен Гандридің «Өсімдіктер парадоксы» атты кітабына сүйенген. Бұл кітапта тұқым, дән, қабық және жапырақтарда кездесетін лектин атты өсімдік ақуыздары туралы айтылады. Гандридің пікірінше, лектиндер өсімдіктерді жыртқыштардан, соның ішінде адамдардан да қорғайды. Адам ағзасына енген соң, олар қабыну, салмақ қосу және өзге де денсаулыққа қатысты күрделі мәселелерді туындататын «химиялық соғысты» бастайды.
Денсаулықты қалай сақтауға болады? Бәрі оңай. Гандри лектинсіз диетаны ұсынады. Ол ақуыз мөлшері жоғары тағамдарды мүлдем алып тастауды ұсынады: бұршақ тұқымдастар (бұршақ, ноқат, жасымық), дәнді дақылдар, жемістер, түнгі көлеңке тұқымдастары (қызанақ, картоп), жаңғақтар мен тұқымдар және басқа да көптеген өнімдер.
Алайда көптеген сарапшылар мен зерттеушілер лектинсіз диетаны даулы әрі псевдоғылыми бағыт деп санайды. Медицина ғылымдарының докторы Харриет Холл Science-Based Medicine журналында Гандридің диетасының ғылыми негізі жоқ екенін және ол маңызды қоректік заттардың жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін екенін атап өткен.
Гандридің басты дәлелі – жеке адамдардың «сәттілік оқиғалары». Бұл тәсіл көптеген жалған емдік әдістерге тән. Ең бастысы — ол лектиндердің әсерін бейтараптандырады деп сендіріп, арнайы қоспалар сатады. Ол жарнамаларда акциялардың шектеулі екені айтып, тезірек тапсырыс беруге үндейді. Өз кітабында Гандри мұндай қоспалар болмаса, қажетті заттарды жеткілікті мөлшерде алу мүмкін емес деп көрсетеді. Бұл – өнім сату мақсатындағы маркетингтік әдіс.
Шын мәнінде, лектиндер – көмірсулармен байланысатын ақуыздар. Табиғатта олар өсімдіктерді зиянкестерден қорғайды, ал адам ағзасында кейбір жағдайларда қорыту процесіне кедергі келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар, лектиндер антиоксидант қызметін атқарып, жасушаларды бос радикалдардың зиянды әсерінен қорғай алады. Олар көмірсулардың қорытылуын баяулатып, қандағы қант пен инсулин деңгейінің күрт көтерілуінің алдын алады.
Көптеген ірі зерттеулерге сәйкес, лектиндерге бай өнімдер (бұршақ тұқымдастар, дәнді дақылдар, жаңғақтар) салмақты бақылауға, жүрек-қан тамырлары аурулары мен 2-типті қант диабетінің қаупін төмендетуге көмектеседі. Бұл өнімдер В тобы дәрумендеріне, ақуызға, талшықтарға, минералдарға және пайдалы майларға бай. Демек, олардың пайдасы құрамындағы лектиндердің мүмкін болатын зиянынан әлдеқайда жоғары.
Indicator ғылыми порталы қызанақтың құрамындағы лектиндерге қарамастан неге қауіп төндірмейтінін жан-жақты талдап жазған. Қияр да адам денсаулығы үшін қауіпсіз және пайдалы өнімдердің бірі. Ол дәрумендер мен минералдарға бай әрі калориясы аз. Кез келген тағам сияқты, бұл көкөністер де шамадан тыс тұтынылса немесе жекелеген қарсы көрсетілімдер болса, зиян тигізуі мүмкін. Бірақ қалыпты мөлшерде тұтынылса, қияр мен қызанақ – дұрыс әрі теңгерімді тамақтанудың бір бөлігі.
Демек, қияр мен қызанақтың лектиндер арқылы қатерлі ісік тудыратыны туралы ақпарат – фейк. Бейнежазба авторының медициналық білімі жоқ және ол ғылыми ортада бірнеше рет сынға ұшыраған Стивен Гандридің теориясына сүйенеді. Бұл – адамдарды қорқыту арқылы өнім немесе қызмет сатудың қарапайым амалы.