Fake News

Қазақстанда дипфейктер қарқынды таралып жатыр

Маусым айында дипфейктер көбейді. Олар танымал қосымшалар арқылы жылдам тарап жатыр. Мұндай жалған видеоларды YouTube, Instagram, Telegram және басқа да кеңінен қолданылатын мессенджерлерден көруге болады. Яғни, қолданушылар жаңалық немесе көңіл көтеретін контент іздейтін барлық платформаларда кездеседі. Жасанды интеллект көмегімен жасалған бұл видеоларда танымал адамдардың түрі мен дауысы имитацияланады.

 

Арнайы операция туралы дипфейктер

Әлеуметтік желілерде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен жасалған дипфейк-видео тарауда. Онда әкім, кей азаматтардың Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, арнайы операцияға қатысу шешімін қабылдауын сөкпейтінін айтқандай көрінеді. Оның жалған сөздеріне сәйкес, бұл – «жоспарланған шешім», ол отбасына тұрақты табыс әкеліп, өңір экономикасына оң әсер етуі мүмкін екен.

Алаяқтар Құмар Ақсақаловтың TengriTV-нің «Әкімге 7 сұрақ» бағдарламасына берген сұхбатынан үзіндіні қолданған. Бұл видео 2019 жылдың 26 ақпанында YouTube-ке жүктелген, ол кезде Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған. Ол сұхбатта өңір тұрғындары, облыстың дамуы және әкім жұмысының қиындығы туралы айтқан. Әрине, онда Украинадағы Ресейдің арнайы операциясы туралы сөз болған жоқ.

Сонымен қатар YouTube желісінде Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен ұқсас дипфейк пайда болды. Бұл видеода ол да қазақстандықтардың арнайы операцияға қатысуын қалыпты жағдай деп бағалап, Ресей Қорғаныс министрлігімен келісім жасау – дұрыс шешім деген сияқты көрінеді. Бұл әрекет «ұлттық мүддеге сай» және «отбасы мен экономикаға пайдалы» делінген.

Бұл жолы алаяқтар МТРК YouTube арнасындағы бейнекадрларды қолданған. Түпнұсқасы 2024 жылдың 26 қыркүйегінде жүктелген, ол әкімнің аудан және ауыл әкімдіктері өкілдерімен өткізген жиналысында түсірілген. Жиында бір жылдық жұмыс қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлар талқыланған. Онда Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы туралы мүлде айтылмаған.

Бұған дейін, екі ай бұрын, біз сайтымызда Ғауез Нұрмұхамбетовке қатысты тағы бір дипфейкті теріске шығарған болатынбыз. Онда әкім Петропавлда «Мәңгілік полк» шеруі өтетінін айтып, тұрғындарды қатысуға шақырып, өзі де қатысатынын айтқандай көрсетілген. Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны дәлелденген.

 

Ресейлік телеарналардың Қазақстанда хабар таратуы туралы дипфейк

Сондай-ақ Қазнетте Шығыс Қазақстан облысынан Сенат депутаты Ольга Булавкинаның атымен жасалған дипфейк тарады. Онда ол Қазақстан аумағында Ресейдің телерадио хабарларын кеңейтуді ұсынады деп көрсетілген. Жалған дауыс бұл қадамның «мәдени дамуға, халықтар арасындағы байланысты нығайтуға және Ресеймен ынтымақтастықты кеңейтуге» көмектесетінін айтады.

Ал шын видеода Ольга Булавкина Ертіс өзенінің су ресурстарын пайдалану мәселесіне алаңдаушылық білдіреді. Түпнұсқа видео 2023 жылдың 18 мамырында ҚР Парламенті Сенатының ресми YouTube арнасында жарияланған.

 

Ұлттық ресурстардан оңай табыс туралы дипфейк

Instagram желісінде Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенованың атымен жасалған дипфейк жарияланды. Онда ол «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бастамашы болған инвестициялық платформасы туралы айтқан. Бұл бағдарламадан қазақстандықтар айына 1-3 млн теңге табыс таба алады. Бажкенова өзі 50 мың теңге салып, бір аптада 350 мың теңге тапқанын айтып тұрғандай. Видеода Жәкішев те көрінеді – ол бұл ақпаратты «растайтын» сияқты.

Бұл видеоға негіз болған шынайы сұхбат 2023 жылдың 25 сәуірінде ORDA News YouTube арнасында жарияланған. Онда Гүлнара Бажкенова мен кәсіпкер Мұхтар Жәкішев Жаңаөзен мұнайшыларының мәселелері мен Қазақстанның шетелдік инвесторлармен қарым-қатынасы жайлы сөйлескен. Ешқандай «Қазатомпром» инвестициялық платформасы туралы айтылмаған.

«Қазатомпромнан» оңай табыс табу схемасы бұрыннан белгілі. Біздің сайт мұндай жалған ақпаратты бірнеше рет теріске шығарған. Бұған дейін саясаттанушы Санжар Боқаев пен Мұхтар Жәкішев қатысқан дипфейктер де таралған.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button