Fake News

Фейк: «Ұшақтар гельминт жұмыртқаларын шашады»

Қазнет пайдаланушылары ерекше теорияны алға тартып отыр. Олардың айтуынша, ұшақтардан гельминт жұмыртқалары тасталады, ал бұл паразиттерді жұқтыруды COVID-19 деп атайды. Қастандық теориясын жақтаушылар осылайша бұл дертті «Ивермектин» препаратымен емдеу тиімді екенін дәлелдемек. Бұл пікірді тармақтар бойынша талдап шығайық.


Гельминттер
Бұл паразиттерді әртүрлі жолдармен жұқтыруға болады. Олардың ішінде ең көп таралғаны – ауру малдың етін, балық немесе жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген басқа өнімдерді жеу; оны жұқтырған адаммен немесе бетінде паразиттердің жұмыртқалары бар затпен; гельминттер мен олардың құрттары тіршілік ететін су немесе топырақпен байланыста болу.
Гельминтоз белгілері – салмақ жоғалту, іштің ауыруы, жүрек айну, әлсіздік, диарея және т.б.. Бұл белгілер тізімінің COVID-19 белгілерінен айтарлықтай ерекшеленетіні анық. Демек, бұл жағдайда бір ауруды басқа ауру деп айту мүмкін емес, өйткені олардың белгілері айтарлықтай өзгеше.

Ұшақтар
Қалалар мен ауылдар арқылы ұшатын ұшақтар қауіпті заттар шашады деген теория химтрейлдер деп аталады және ол конспирологиялық болып табылады. Оның тарихы 1960 жылдардан басталады, ал 1990 жылдары кеңінен танымал болды. Осы уақыт ішінде оған бірде-бір, тіпті жанама болсын, дәлел табылмады. Дегенмен, желі қолданушылары мен қастандық теориясын жақтаушылар түрлі дереккөздер химиялық заттар шашқанын «мойындағаны» туралы хабарлауда, тіпті «жасаушы» олардың неден тұратынын да айтқан екен. Сонымен қатар, қастандық теорияларын жақтаушылар химиялық заттардың құрамында графен, адам қаны, тіпті гельминттер де бар деп мәлімдеп, өз-өздеріне қайшы келеді.
Демек, аспаннан гельминт жұмыртқалары немесе басқа да заттар шашатынына ешқандай дәлел жоқ.

Дәлел жоқ: «Химтрейлді жасаушы олардың мақсаты туралы айтып берді»

«Ивермектин»
«Ивермектин» – бұл ветеринарияда жиі қолданылатын антипаразиттік препарат. Адамдарға қышыма, онхоцеркоз (өзен соқырлығы), стронгилоидоз және басқа гельминтоздарды емдеу үшін басқа дозада тағайындалуы мүмкін. Препараттың бірқатар жанама әсерлері бар, соның ішінде жүрек айну, құсу, бас айналу, бұлшықет және бас ауруы. Шамадан тыс пайдаланған жағдайда тыныс алу проблемалары, үйлестірудің жоғалуы, құрысулар, аяқ-қолдың әлсіреуі және әлсіздік пайда болуы мүмкін.
Желіде препарат COVID-19 емдей алады деген теория, ғалымдар оны осы мақсатта сынап көргеннен кейін тарады. Алайда, бүгінгі күні препараттың COVID-19 емдеуде тиімді және қауіпсіз екендігіне нақты дәлелдер жоқ. ДДСҰ және АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) бұл препаратты дәрігердің нұсқауынсыз қабылдамауға кеңес береді, өйткені мұны салдары болуы мүмкін.

«Ивермектиннің» КВИ емдеудегі тиімділігіне дәлелдердің толық болмауы қастандық теориясын жақтаушыларға оны ауруға қарсы жалғыз тиімді дәрі деп санауға кедергі емес. Бұған дейін олар бұл дәрінің көмегімен әртүрлі елдер ауруды толығымен жеңе алғандығы туралы фейк ақпарат таратқан. 
Қазір де олар препаратты COVID-19 емдеу кезінде қолдануды талап етуде, тіпті гельминттерді ауаға шашу теориясын да алға тартып отыр. Бұл вирустық ауру кезінде паразиттерге қарсы препаратты қолдану қисынды болып көрінуі үшін жасалып отырған болар.
Жоғарыда айтылғанның нәтижесінде, гельминтоздың белгілері басқаша болғандықтан оны COVID-19-мен шатастыру мүмкін емес деп қорытынды жасауға болады. Гельминттерді аспаннан шашатынына ешқандай дәлел жоқ. Сондай-ақ, COVID-19 емдеу кезінде «Ивермектиннің» тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты нақты және сенімді дәлелдер жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button