Фейк: «Ауыз судағы зиянды қоспалар фертильділікті төмендетеді»

Telegram арнада ауыз суда репродуктивті функцияны төмендететін улы қоспалар бар деген видео жарияланды. Rainmakers геоинженерлік компаниясының басшысы осындай мәлімдеме жасады. Бұл жалған ақпарат.
Соңғы жылдары ауыз су туралы түрлі жалған ақпарат таралуда. Қастандық теорияларын жақтаушылардың айуынша, құбырдан аққан су қатерлі ісік тудырады және радиациямен сәулеленеді, сонымен қатар құрамында ағза жасушаларын бұзатын фтор мен графен бар. ДДҰ ұсыныстарына сәйкес ауыз суға гормондар мен антибиотиктер қосылады деген де қауесет тарады. Ал бөтелкедегі суда графен оксиді бар екен. Бұл жалған ақпараттың барлығын біздің сайтымызда жоққа шығардық.
Улы қоспалардан су ішу репродуктивті денсаулықты төмендетеді деген миф 2010 жылдардың басында тарала бастады. 2011 жылы америкалық химиялық қоғам жасаған баяндамада былай делінген: суда болатын гормоналды препараттар эстрогендердің жалпы санының 1%-нан аз болады. Бұл қосылыстардың негізгі көзі дәрі емес, ауылшаруашылық және табиғи қалдықтар.
Сонымен қатар, ғылыми ортада эндокринді бұзатын заттар (EDC) мәселесі көтерілген. Бұл гормоналды жүйеге әсер етуі ықтима синтетикалық заттар (мысалы, PFAS, фталаттар, тұрмыстық химикаттар).
Бірақ көп ұзамай бұл күрделі ғылыми дәлелдер бұрмаланды. Әлеуметтік желілерде қарапайым әрі үрей туғызатын мәлімдемелер тарала бастады. Суға әдейі гормондар мен антибиотиктер қосылады-мыс, ал судың өзі бедеулікке әкеледі деген сияқты. Дәл осы бұрмалаулар жаппай таралған фейктердің бастамасына айналды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы ауыз су сапасы жөніндегі нұсқаулығына сәйкес, улы заттардың көпшілігі (ауыр металдар, пестицидтер) белгіленген нормалар сақталған жағдайда репродуктивті денсаулыққа әсер етпейді. Қауіп төндіретіні – тек заттардың созылмалы түрде шамадан тыс мөлшерде жиналуы.
АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институттарының 2018 жылы жарияланған мета-анализі де әдеттегі суды ластаушы заттардың бедеулікке әкелетініне нақты дәлелдер таппады.
Сонымен қатар, беделді The Lancet медицина журналының 2020 жылғы мақаласында гормоналды бұзылулардың негізгі көздері су емес, пластик, косметика және тұрмыстық химия екені атап көрсетілген.
Ауыз су ультракүлгін дезинфекциялау, ағарту, хлорлау, сүзу және тұндыруды қамтитын көп сатылы тазартудан өтеді. Суды тазарту кезеңінде антибиотиктер де, гормондар да мүлдем қолданылмайды.
Rainmakers басшысының қатысуымен түсірілген видео маусым айының ортасында жалған ақпарат тарататын сайттарда шығып, әлеуметтік желілерде тез таралды. Атап айтқанда, видеоны Bitchute порталы жариялады. Онда қастандық теориялары мен вакцинация туралы жалған мәлімдемелер жиі орналастырылады.
Басшылығы осындай үзілді-кесілді мәлімдемелер жасаған Rainmakers компаниясының ауыз суды тазартуға қатысы бар ма деген сұрақ туындайды. Шын мәнінде, бұл — бұлттарға тұз шашу арқылы жасанды жаңбыр жаудыру технологияларына маманданған геоинженерия саласындағы нидерландтық компания.
Компанияның «судағы токсиндерді» зерттеді немесе суды тазарту саласында жұмыс істейді дегенді растайтын ешқандай патенттер, ғылыми жарияланымдар немесе басқа дәлелдер жоқ. Қазіргі уақытта Rainmakers компаниясының әлеуметтік желілерде белсенді парақшалары да, жұмыс істейтін ресми сайты да жоқ. Жоба жабылып қалған немесе атауын өзгерткен болар.
Геоинженерия саласындағы компаниялар, әсіресе стартаптар, жиі экологиялық қатерлерді асыра көрсетіп, өз шешімдеріне, мысалы, су фильтрлерін сатуға, назар аудартуға тырысады.
Демек, ауыз суда токсиндердің болуы репродуктивті денсаулыққа қауіп төндіреді деген мәлімдеменің ғылыми негізі жоқ. Rainmakers компаниясы су тазалаумен де, токсикология саласындағы зерттеулермен де айналыспайды. Бүгінгі күні көп сатылы су тазарту жүйесі суға гормондар немесе антибиотиктер қосылуын болдырмайды, ал ДДҰ және АҚШ Ұлттық денсаулық институттары сияқты беделді ұйымдар рұқсат етілген деңгейдегі қоспалардың фертильділікке әсер ететінін растайтын сенімді дәлелдер таппаған.