Жалған және конспирология: «SARS-CoV-2 – бұл биологиялық қару»
Желіде SARS-CoV-2 адамзатты Жаңа Әлемдік Тәртіп жүйесімен құлату мақсатында қолдан жасалды деп санайтын доктор Владимир Зеленко туралы хабарламалар таратылуда. Дәрігердің коронавирустық инфекцияны емдеудің өзіндік әдістері бар. Оның кейбір мәлімдемелерін талдап көрейік.
«SARS-CoV-2 вирусы – қолдан жасалған биологиялық қару»
SARS-CoV-2-нің табиғи түрде пайда болғаны зерттеулермен расталған. Бүгінгі күні оның зертханада жасалғанын көрсететін дәлелдер жоқ. Вирус алғаш рет 2019 жылғы желтоқсанда пневмониямен ауырған науқастан алынған нуклеин қышқылын талдау нәтижесінде анықталды.
«Google-дің барлық басшылары, Конгресстің жартысы (КВИ) алдын алу үшін гидроксихлорокин мен ивермектин қабылдайды»
Гидроксихлорохин де, ивермектин де COVID-19-ға қарсы қауіпсіз және тиімді дәрі ретінде мақұлданған жоқ.
2020 жылғы наурыз айында Зеленко ковидті гидроксихлорохин коктейлі, азитромицин және мырыш сульфатының көмегімен ерте емдеуге болатындығын ашық айтты. Ол тіпті АҚШ Президентіне ашық хат жолдап, онда оның емдеу әдісі COVID-19 белгілері бар науқастарда сәтті сынақтан өтті деп мәлімдеген.
Has Dr. Zelenko Successfully Treated 669 Coronavirus Patients?
Алайда, осы «рецептінің» COVID-19 емдеудегі тиімділігі расталған жоқ. 2020 жылғы 25 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қауіпсіздік мақсатында гидроксихлорохин мен хлорохиннің COVID-19 үшін ықтимал дәрі ретінде клиникалық сынақтарын тоқтатты. Зерттеу көрсеткендей, гидроксилохинді қолдану тиімсіз, сондай-ақ науқастың қайтыс болу ықтималдығын арттырады.
Сонымен қатар, кейіннен Зеленконың өзін, сынақтарын АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) мақұлдады деген жалған мәлімдемелері үшін АҚШ федералды прокуратурасы тергей бастайды.
«SARS-CoV-2 мутациясы – жаппай вакцинацияның нәтижесі»
Ғалымдардың пікірінше, қауіпті мутациялар вирус кедергісіз және тез тарала алатын жерде пайда болады. Бұған мысал ретінде дельта нұсқасын атап өтуге болады. Вирустың алғашқы мутациясы 2020 жылғы қазан айында Үндістанда Махараштра штатында, елдің орталық бөлігінде анықталды. Бірақ елде коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылғы қаңтарда басталды, яғни дельта нұсқасы пайда болғаннан кейін үш ай өткен соң. Демек, вакцинацияның әсері туралы болжамдар негізсіз.
«АҚШ-тағы VAERS жүйесі вакцинациядан қайтыс болғандардың санын азайтады. Іс жүзінде АҚШ-та егілгеннен кейін шамамен 500 000-1 миллион америкалық қайтыс болды»
Бұл есептеулер негізсіз. Естеріңізге сала кетейік, VAERS жүйесі пайдаланушылардан вакцинациядан кейін болуы мүмкін жанама әсерлер туралы ақпарат жинайды. Дерекқорда кез келген адам деректер қалдыра алады. Хабарламалар, оның ішінде өлім туралы ақпарат, оның коронавирусқа қарсы вакцинамен байланысын дәлелдемейді. Дегенмен, вакцинацияға қарсы адамдар VAERS деректерін көп жағдайда COVID-19 қарсы препараттардың қауіптілігін дәлелдеу үшін қолданады.
«Covid-тен қайтыс болған әр балаға шаққанда вакцинадан 100 адам қайтыс болды деп маған Pfizer-дің бұрынғы вице-президенті доктор Майкл Йидонның өзі айтты, кейіннен баршаға жария етті».
Бұл мәлімдеме Йидонның 2021 жылғы маусымда подкаст жүргізушісі Стив Бэннонға берген сұхбатынан кейін таралды. Әңгіме барысында 2011 жылдан бері Pfizer-де жұмыс істемеген Йидон жастардың COVID-19 ауыр түрімен ауыру қаупі жоқ екенін айтты: «олардың вирустан гөрі вакцинадан қайтыс болу ықтималдығы 50 есе жоғары». Йидон өз сөздерін ешқандай зерттеулермен бекіткен жоқ және басқа да дәлелдер келтірмеді.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 29 қазанда FDA Pfizer-BioNTech-тің COVID-19 қарсы вакцинасын 5-11 жас аралығындағы балалар арасында шұғыл қолдануға рұқсат берді. Зерттеулер бұл жас тобы үшін оның қауіпсіз және тиімді екенін көрсетті.
Сонымен қатар, доктор Зеленко вакцинацияға қарсы адамдарға балаларды мектептен үйде оқытуға ауыстыруды, Жаңа Әлемдік Тәртіп жүйесіне құл болып қалмас үшін баспана-қалалар мен балама қоғам құруды ұсынады. Демек, Зеленконың тұжырымдары негізсіз, жалған ақпараттан тұрады және оның өзі қастандық теориясын жақтаушы болып табылады.