Fake News

Фейк: «Орталық барлау басқармасы химтрейл шашқанын мойындады»

Қазақстандықтар Телеграм-чаттарда Орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы Джон Оуэн Бреннанның 2016 жылы маусымда планетамызда ауа райын бақылау үшін қарамағындағылар ұшақтардан химиялық заттар шашқанын мойындағаны туралы хабарламамен бөлісуде. Қастандық теориясын жақтаушылар мұны химтрейл теориясының тікелей дәлелі деп санайды. Бірақ, бұл фейк.

Шын мәнінде, Бреннан мұндай мәлімдеме жасамаған. Орталық барлау басқармасының ресми сайтында оның сөзі ашылмайды, бірақ оны Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің платформасынан табуға болады. 
Бреннан жаһандық жылыну мәселелерін шешуге қатысты сөйлеген сөзінде былай дейді: «Тағы бір мысал – климаттың жаһандық жылынуының әсерін өзгертуге көмектесетін геоинженерия деп жиі аталатын технологиялар жиынтығы. Стратосфералық аэрозоль инъекциясы немесе SAI, яғни жанартау атқылаған кездегідей, стратосфераны күн жылуын көрсетуге көмектесетін бөлшектермен толтыру әдісі менің жеке назарымды аударды».
Ол технология бүгінде қолданылып жатыр немесе оны жақын арада енгізу жоспарланып отыр деген жоқ. Сондай-ақ, Орталық барлау басқармасы қызметкерлерінің бұл әдісті енгізуге қатысы бар деп те айтпаған.
Стратосферада аэрозоль шашудың химтрейлдер теориясына қатысы жоқ. Стратосфера –бұл планета бетінен 11-50 км биіктікте орналасқан атмосфера қабаты. «Химиялық заттар шашты» деп жиі айтылатын жолаушылар ұшақтары мұндай биіктікте ұшпайды. 
Стратосфераға жауынгерлік жойғыш ұшақ көтеріле алады. Алайда, олардың құрылымы бортқа әуеден шашу үшін сұйықтықтың немесе ұнтақтың жеткілікті мөлшерін жүктеуге мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар, стратосферада жарық шағылыстыратын бөлшектерді шашу идеясы осы күнге дейін жай идея ғана болып қалуда. Ғалымдардың пікірінше, мұндай әрекеттер планета үшін қауіпті болуы мүмкін – жаңбыр мөлшері едәуір азаяды, теңіздер мен мұхиттардағы су тұзды болып, ағыстар өзгереді. 
Бүгінгі таңда стратосферада жарық шағылыстыратын бөлшектерді шашу жаһандық жылынуды болдырмау шарасы ретінде қарастырылып отырған жоқ. 
Қорыта айтқанда, Орталық барлау басқармасының басшысы химтрейлдер теориясын растаған жоқ және ведомство қызметкерлері атмосферада химиялық заттар шашады деп мәлімдемеген. Ол тек жаһандық жылынуды тежеу туралы ойларымен ғана бөліскен. Бреннан айтқан әдісті ғалымдар қауіпті деп санайды және ол қолданылмайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button