Fake News

Фейк: «ДДҰ адамдарды жүздеген вакцинамен күштеп егуді жоспарлап отыр»

Әлеуметтік желі қолданушылары доктор Рима Лейбоудың баяндамасынан алынған тезистермен бөлісуде. Оның айтуынша, ДДҰ болашақта адамдарды күштеп егетін 500 жаңа вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл рас па? Анықтайық.

Рима Лейбоу кім және оның пікіріне сенуге бола ма? Алдымен осы жайлы айтып өтейік. Желіде ол туралы алғашқы ақпараттар 2009 жылы шыққан, ол әйгілі конспиролог Алекс Джонспен бірге пандемия «болжанған» видеоға түскен. Фактчекерлер оны жоққа шығарып, Джонс пен Лейбоу COVID-19 пайда болуын болжамай, сол кезде тараған қастандық теорияларын айтып берген деп хабарлады.
Сондай-ақ доктор Рима Лейбоу вакциналар аутизмді тудырады деген теріске шығарылған және ғылымға қарсы теорияны ұстанады. Ол бұл теорияны «дәлелдейтін» жалғыз зерттеу жалған болып шығып, кері қайтарылғанына қарамастан, осы тақырыпта кітап та жазған. 
Яғни, доктор Лейбоу біржақты пікір айтқан және дәлелді ғылымды елемей, қастандық теорияларына сенуге бейім. Демек, оның сөздеріне сенбеген жөн.
ДДҰ келешекте 500 жаңа вакцина әзірлейді деген идеяны ол ойлап тапқан жоқ, бірақ ұйымның ресми сайтында берілген ақпаратты қате түсінген.
Онда 2030 жылға қарай иммундау саласындағы күн тәртібінде қол жеткізу жоспарланған мақсаттардың бірі «COVID-19, ротавирус немесе адам папиллома вирусына (HPV) қарсы вакциналар сияқты жаңа немесе аса пайдаланылмайтын вакциналарды 500 ұлттық немесе субұлттық енгізуді аяқтау» делінген. Бұл бес жүз жаңа вакцина әзірленеді дегенді емес, ұлттық егу күнтізбелерінде бұрын болмағандарды енгізу дегенді білдіреді.
Лейбоудың барлық ауруларға қарсы бір «супер вакцина» ойлап табу туралы сөздеріне келетін болсақ, әзірге бұл мүмкін емес. Ғалымдар SARS-CoV-2 вирусының барлық нұсқалары мен мутацияларына қарсы бір вакцина жасауға тырысуда, бірақ ол басқа вирустардан қорғамайды. 
Сондай-ақ бірнеше аурудан бірден қорғайтын поливакциналар бар. Мысалы, көкжөтел, дифтерия және сіреспе компоненттері бар АКДС екпесі.
Алайда, барлық аурулардан бірден қорғай алатын вакцина жасау жоспарда да жоқ. Яғни, бұл тезис дәлелсіз.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, Рима Лейбоудың сөздері ДДҰ-ның ресми сайтындағы ақпаратты бұрмалап, түсіндіруге негізделген ескі қастандық теорияларының жиынтығы деп айтуға болады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button