Fake News

Дәлелсіз: «Күнде куркума жесеңіз, деменция болмайды»

Танымал Instagram аккаунттардың бірінде Үндістанда деменция деңгейі ең төмен ел делінген. Бұған жергілікті жерде күн сайын куркума қосылған тағамдар жеу ықпал етеді екен. Бұл мәлімдеме рас па, тексерейік.

Сарапшылар деменция деп ақыл-ой кемістігін айтады. Ол ми жасушаларының деградациясы мен өлуінен болады. Ауру ойлау функцияларының біртіндеп тежелуімен байқалады. Адамның ойлау, есте сақтау, зейін қабілеті бұзылады, ол өз қимылдарын үйлестіре алмай қалады. Деменцияның түрлері мен себептері әртүрлі. Негізгілерінің ішінде Альцгеймер ауруы, бас миының жарақаты, ми ісігі, мидың тамырлы патологиялары, кейбір жұқпалы аурулар бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2021 жылы әлемде деменциямен ауыратындардың саны 57 миллион адамды құрады. Олардың 60%-дан астамы табыс деңгейі төмен және орташа елдерде тұрған. Қазіргі уақытта деменция әлемдегі өлім-жітімнің басты себептерінің ішінде 7-ші орында, сонымен қатар егде жастағы мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі.

2050 жылға қарай Альцгеймер ауруы мен деменцияның басқа түрлерінің 75%-дан астамы табыс деңгейі төмен және орташа елдерде тіркеледі деп болжанып отыр. Сонымен қатар, деменция туралы қазіргі мәліметтердің басым бөлігі табыс деңгейі жоғары елдерде жүргізілген зерттеулерге негізделген. Сондықтан экономика профессоры Джинкук Лидің командасы Үндістанда деменцияның қаншалықты кең таралғанын анықтау үшін зерттеу жүргізді. Ғалымдар неге осы елге назар аударды? Өйткені ол кезде оның халқы планетадағы адамдардың жалпы санының 18% құрады (1,37 миллиард адам).

Зерттеу нәтижелері 2023 жылы АҚШ ұлттық денсаулық институтының (NIH) Фогарти халықаралық орталығының сайтында жарияланды. Лидің командасының есептеуінше, 60-тан асқан үндістер арасында деменцияның таралуы 7,4% құрайды. Яғни, Үндістанда шамамен 8,8 миллион адам осы аурумен өмір сүреді. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш АҚШ-тағы (8,6%) және Ұлыбританиядағы (7,1%) деменция деңгейіне жақын. Көріп отырғаныңыздай, Үндістанда деменция деңгейі төмен деп айтуға негіз жоқ.

Куркуманың дәрілік құндылығы оның құрамындағы химиялық зат куркуминмен байланысты. Оның қабынуға қарсы әсері бар деп саналады, бірақ бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Интернетте куркуминнің емдік қасиеті туралы көп жазылған: қатерлі ісік пен қант диабетімен күрестен бастап депрессияны жеңілдетуге дейін. Алайда, эксперименттік зерттеулер бұл пікірлердің барлығын растамайды.

2017 жылы Journal of Medicinal Chemistry журналында куркуминнің немесе оның жақын қосылыстарының ешбір түрі тиімді дәрілік затқа тән сипаттамаларға ие емес екендігі туралы шолу жарияланды. Куркуминнің химиялық тұрақтылығы төмен, суда нашар ериді, мақсатты белсенділігі жоқ және тіндерде дұрыс бөлінбейді. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің ағзамыз куркуминді нашар сіңіреді.

Медицина ғылымдарының докторы Зилпа Шейх денсаулыққа қатысты барлық мәселелерді қамтитын беделді Webmd анықтамалық ресурсында куркума емдей алатын аурулардың тізімін келтіріп, бұл пайымдардың неліктен шындыққа жанаспайтынын түсіндірген. Сонымен қатар, Шейх куркуманы тұтыну Альцгеймер ауруының алдын алудың тиімді әдісі екендігіне нақты ғылыми дәлелдер жоқ екенін атап өтті.

Ресейлік ғалымдар да оның пікірін қолдайды. М. Ф. Владимирский атындағы Мәскеу облысының ғылыми-зерттеу клиникалық институтының неврологиялық бөлімінің меңгерушісі Ольга Фурман 2019 жылғы зерттеуге сүйенеді. Жануарларға жүргізілген эксперименттерде когнитивті өнімділікті жақсарту үшін куркуминді қолданудың перспективті нәтижелері алынды. Алайда, сарапшы атап өткендей, адам зерттеулері әзірге шектеулі және олардың нәтижелері жүйелі емес, сондықтан оларды түсіндіру қиын. Ольга Фурман қазіргі уақытта куркума Альцгеймер ауруының дамуына жол бермейтініне нақты дәлелдер жоқ екеніне сенімді.

Зерттеулерде Үндістанда деменция деңгейі хабарламада айтылғандай төмен емес екені көрсетілген. Куркуманы жеп, аурудың алдын алуға болатынына нақты ғылыми дәлелдер жоқ. Демек, куркуманы күнде тұтыну деменциядан қорғайды деген пікір дәлелсіз және қазіргі заманғы ғылыми мәліметтерге сәйкес келмейді.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button