Медициналық фейктер

Вакцинациялау мен аутизмнің арасындағы байланыс туралы фейк 20 жыл бұрын шыққан

Әлеуметтік желілерде вакцинациялаудан кейін балаларда аутизм дамуы мүмкін деген жарияланымдар ұдайы жазылады. Stopfake.kz бұл мифтің қайдан шыққаны және бұл ақпараттың неге шындыққа жанаспайтыны туралы айтып береді.

Осындай бір посттың авторы аутизмі бар балалардың ата-аналарынан ауру белгілері қандай екпеден кейін пайда болғанын сұрауды ұсынады.

Бұл фейк 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Ол 1998 жылы доктор Эндрю Уэйкфилдтің зерттеу нәтижелері жарияланғаннан кейін шыққан. Британдық «The Lancet» ғылыми журналындағы мақалада дәрігер қызылша, қызамық және шошқа/паротит (ҚҚП немесе ҚПҚ) ауруларына қарсы егу аясында аутизм дамуы мүмкін екенін айтқан. Бұл деректерді тексеру кезінде атышулы мақала жалған болып шықты. Гипотезалардың ғылыми дәлелдері болмаған. Сонымен қатар, материалда қателер, жалған мәліметтер мен фактілерді бұрмалау жағдайлары анықталды. Мысалы, кейбір зерттеулерде аутизм белгілері вакцинациялауға дейін пайда болған. Журналдың сайтында бұл мақала қазір RETRACTED (кері қайтарылған) қызыл белгісімен белгіленген.

«1998 жылы қызылша-паротит-қызамық вакцинасын (ҚПҚ) енгізу мен аутизмнің дамуының арасындағы ықтимал байланыс туралы жазылған зерттеу кейіннен өрескел қателіктері бар және қасақана бұрмаланған деп танылды. Көп ұзамай зерттеуді жариялаған журнал оны кері қайтарып алды. Өкінішке орай, бұл жарияланым қоғамда дүрбелең тудырып, иммундау деңгейінің төмендеуіне және осы аурулардың өршуіне әкелді. ҚҚП вакцинасы мен аутизмнің немесе аутизм спектрінің бұзылуы арасындағы байланысты дәлелдейтін мәліметтер жоқ», – делінген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында.

Мақала кері қайтарылып, теріске шығарылды, бірақ миф ұмытылған жоқ және вакцинациялауға қарсы адамдар оны осы күнге дейін әлеуметтік желілерде таратуда.

Сондай-ақ, түрлі елдердің ғалымдары вакцинациялау мен аутизм арасында ешқандай байланыс жоқ екенін талай рет дәлелдеген.

Мысалы, даниялық Statens Serum Institut-ның ғалымдары 1999-2010 жылдары туған 657 461 баланың мәліметтерін зерттеді. Оның ішінде 6517 балаға аутизм диагнозы қойылған.

«Аутизм екпе жасатқан балаларда екпе жасатпаған 31 619 баланың арасында болатын жиілікпен анықталған. Сондықтан қорыта келе, вакцинациялау аутизм қаупін арттырмайды деп айта аламыз», – дейді ғалым Андрес Хвиид.

Америкалық ғалымдар да вакцинациялау мен аутизм спектрінің бұзылу қаупі (ASD) арасындағы байланысты таба алмады. Доктор Анжали Джаин және оның әріптестері 95 мың баланың ауру-сырқат тарихын зерттеді, оның ішінде 15 мыңы 2-5 жастағы вакцинацияланбаған бала, сондай-ақ аутизмнің даму қаупі жоғары екі мыңға жуық бала болған. Зерттеу нәтижелері 2015 жылы Америкалық медициналық қауымдастық журналында жарияланды.

«Біз MMR (ҚҚП) вакцинасы мен АСБ (аутизм спектрінің бұзылу) қаупі арасындағы байланысты байқамадық, – деп жазады авторлар. – Сондай-ақ, MMR (ҚҚП) вакцинасының бір немесе екі дозасын алу аға-інілері немесе сіңлілері бар балаларда AСБ қаупі жоғары болуымен байланысты екенін байқамадық.

Бұл мифті белгілі тележүргізуші және балалар дәрігері Евгений Комаровский де жоққа шығарады

«Бүгінгі таңда аутизм мен вакцинациялаудың өзара байланысы тақырыбын көптеген зерттеушілер зерттеді және ешқандай байланыс табылмаған. Әлемде балаларыңызға психикалық аурулар тудыру арқылы екпе жасауға қызығушылық танытатын дәрігерлер көп емес. Маған сеніңіздер. Бұл ойға қонымсыз», – дейді дәрігер Комаровский.

Ғалымдар өз зерттеулерінде вакцинациялау мен аутизмнің арасындағы байланыстың жоқ екендігін дәлелдеп қана қоймай, сондай-ақ егудің қажеттілігін ғылыми түрде негіздейді және вакцинациялаудан бас тарту қауіп екенін ескертеді. 2018-2019 жылдары Қазақстанда 10 мыңға жуық бала қызылшамен ауырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың 80% вакцинацияланбаған.

 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button