Қызық кино: Желіде танысу қалай алаяқтық схемаға айналады

Онлайн алаяқтар алдаудың жаңа схемаларын іздеп, танысу сайттарында тіркеледі. Олар сұлу қыздар немесе мықты жігіттер болып танысып, адамдарды алдап, қомақты ақша талап етеді. Схема қалай жұмыс істейді және оны уақытылы қалай анықтауға болатынын айтайық.
Танысу сайтында алаяқты бірден қалай анықтауға болады?
Бұл мүмкін емес деп ойлауыңыз мүмкін. Олар тартымды профильдер жасап, басқа пайдаланушылармен әңгімеге кіріседі. Бұл кезеңде олар әңгімелесушіні қызықтыруға тырысады, сондықтан алдауды бірден анықтау қиын болуы мүмкін.
Олар қалай алдайды?
Үш негізгі схеманы бөліп көрсетуге болады:
- Жалған кино билеттері. Олар сізге киноға баруды ұсынады және билеттер сатып алу үшін сілтеме жібереді. Сілтеме қорғалмаған сайтқа апарады, карта деректерін енгізген кезде, алаяқтар оны да көріп тұрады. Осылайша олар жәбірленушінің барлық ақшасын толық иемденеді.
- Қарызға ақша сұрау. Бұл өте қарапайым схема: алаяқтар сеніміңізге кіріп, ауру немесе форс-мажор жағдайы туралы аянышты оқиғаны ойлап тауып, қомақты қаржыны қарызға сұрайды. Жәбірленуші ақша аударғаннан кейін, алаяқтар хабарламаларға жауап беруді тоқтатып, байланысты үзеді.
- Инвестициялау туралы ұсыныстар. Мұнда алаяқтар «тәжірибелерімен бөліседі» және инвестициялаудан қалай көп ақша тапқаны туралы айтады. Олар әңгімелесушіге «Инвестициялау жөніндегі менеджердің» нөмірін немесе қандай да бір кәсіпорынға ақша салуға болатын сайттың мекен жайын айтады. Шын мәнінде, ешқандай инвестиция жоқ, жәбірленуші «инвестициялаған» барлық ақша тікелей алаяқтардың қалтасына түседі.
Олай болса, билеттерді онлайн сатып алу қауіпті ме?
Жоқ. Бірақ киноға немесе концертке билет сатып алғанда, үшінші тарап ресурсында емес, ресми сайтта сатып алып жатқаныңызға көз жеткізіңіз. Көбінесе нақты билеттер сатып алуға болатын платформалар іс-шаралар плакаттарында жазылады.
Қарызға ақша беруге болмай ма? Ол адам шынымен қиын жағдайға болған шығар
Бейтаныс адамдарға қарызға ақша беру әрқашан қауіпті. Біреуге қаражат аудармас бұрын, ол ақшадан біржола айырылуға дайынсыз ба, соны ойлаңыз.
Ал инвестициялау ше? Айтқанға сенуге болмай ма?
Біреудің инвестиция салып, бірден байып кеткеніне сенудің қажеті жоқ. Мұндай әңгімелер көп жағдайда өтірік болып шығады. Қалай болғанда да, Интернеттен бейтаныс адам айтты екен деп, бір жерге ақша салған дұрыс емес.
Танысу сайтында алаяқтарға «тап болмау» үшін не істеу керек?
Біріншіден, сақ болыңыз, жанашырлық танытамын деп ақылмен ойлау қабілетінен айырылып қалмаңыз.
Екіншіден, банктік картаңыздың мәліметтерін және SMS-тегі кодтар мен парольдерді басқа адамдарға айтпаңыз.
Үшіншіден, бейтаныс адамдар жіберген күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз және деректеріңізді сол жерде қалдырмаңыз.
Жақында «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқан аясында сайттарда қыз болып танысатын алаяқтар туралы жаңа видео шықты. Бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін қарап көріңіздер.
Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен адамдар алданып қалмас үшін жиі кездесетін алаяқтық схемалары туралы бірнеше бейнеролик түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми Youtube арнасында жарияланып отырады.