Жалған: «Comirnaty бустерлік вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігін зерттеуге 12 адам ғана қатысты»
Әлеуметтік желі қолданушылары Pfizer FDA-дан (Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы) 12 адам қатысқан зерттеу негізінде үшінші бустерлік Comirnaty вакцинасын мақұлдауды өтінгені туралы ақпарат таратуда. Бұл олай емес.
«Фармацевтикалық алпауыт Pfizer FDA-ны (Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы) өзінің «Comirnaty вакцинасының» үшінші «бустерлік» дозасын тек 12 адам ғана қатысқан «зерттеудің» кісі күлерлік нәтижелері негізінде бекітуге көндірмек», – делінген әлеуметтік желілерде тараған хабарламада.
Алдымен бустерлік вакцина дегеніміз не екенін түсіндіріп өтейік.
Бустерлік доза немесе ревакцинация – бұл ауруға қарсы иммунитетті күшейту мақсатында вакцинаны қайталап егу.
Қазіргі кезде тек бір вакцинаны ғана бустер ретінде қолдануға рұқсат бар, бұл – Pfizer-BioNTech вакцинасы, ол да Comirnaty деген атаумен шығарылады. Бұл FDA-мен (Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы) толық мақұлданған COVID-19 қарсы алғашқы вакцина.
2021 жылдың 22 қыркүйегінде FDA бұл құжатқа өзгерістер енгізіп, Pfizer-BioNTech вакциналарын бір реттік үдеткіш доза ретінде пайдалануға рұқсат берді. Оны вакцинацияның алғашқы толық курсынан кейін 6 ай өткен соң және халықтың бірнеше тобына ғана қолдану ұсынылады. Атап айтқанда, 65 жастан асқан адамдарға, COVID-19 ауыр түрімен ауыру қаупі жоғары 18 жастан 64 жасқа дейінгі адамдарға, сондай-ақ медициналық мекемелерде немесе жұмыста SARS-CoV-2 жиі тап болатын адамдарға.
FDA мақұлдаған Pfizer-BioNTech COVID-19 және Comirnaty екпелерінің құрамы бірдей. Бұл вакциналар бірін-бірі алмастырады.
Препаратты бустерлік вакцина ретінде мақұлдау үшін Вакциналар мен оған ұқсас биологиялық өнімдер жөніндегі консультативтік комитеттің ашық отырысы өткізілді. Вакцина өндірушісінің өтінімінде ұсынылған деректер бойынша тәуелсіз ғылыми сарапшылар мен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшылардың пікірлері тыңдалды.
Иммундық жауапты, яғни үдеткіш дозаның тиімділігін бағалау үшін сынаққа қатысқан 18 жастан 55 жасқа дейінгі 200 адамнан алынған мәліметтер келтірілген.
Екпенің қауіпсіздігі 18 жастан 55 жасқа дейінгі 306 қатысушының және 65 жастан асқан 12 қатысушының мәліметтері бойынша бағаланды, оларды орта есеппен екі айдан астам уақыт бақылаған.
Сонымен қатар, сарапшылар бұған дейінгі 40 мыңнан астам адам қатысқан Pfizer-BioNTech вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігін зерттеулердің мәліметтеріне сүйенді.
Демек, бустерлік вакцинаны зерттеуге тек 12 адам ғана қатысты және 65 жастан асқан адамдар мүлдем қатыспаған деген ақпарат фейк болып табылады.