Fake News

Дәлелсіз: «Қалқанша безінің жұмысын термометрмен тексеруге болады»

Желіде қалқанша безді сынапты термометрмен тексеруге болатын «халықтық» әдіс тарады. Ол үшін таңертең дене температурасын өлшеу керек. 36,5-36,8°C қалыпты болып саналады. Ал  бұдан төмен температура қалқанша безінің жұмысы нашарлағанын білдіреді. Бұл шаршауға, есте сақтау қабілетінің бұзылуына, тіпті депрессияға әкелуі мүмкін. Егер температура жоғары болса, қалқанша безі шамадан тыс белсенді жұмыс істейді және бұл ағзадағы қабыну процестерінің белгісі. Бұл әдіс қаншалықты тиімді, оған сенуге бола ма? Анықтайық.

Бұл – доктор Барнстың базальды температура тесті. Америкалық дәрігердің айтуынша, таңертең базальды дене температурасының төмен болуы қалқанша безінің гипофункциясын белгісі.

1970 жылдары Брода Отто Барнс бірнеше кітап шығарды, онда ол гипотиреоз (қалқанша безі функциясының төмендеуі) әлдеқайда жиі кездеседі және көптеген денсаулық проблемаларын тудырады деп жазды. Бірақ дәрігерлердің көбі оның пікірімен келіспеді, өйткені бұл қалқанша безінің жұмысы туралы ғылыми дәлелдерге қайшы келеді.

Ұлыбританиядағы Қалқанша безінің аурулары бар адамдарды қолдау қоры дене температурасы мен гипотиреоз арасындағы байланыс барын мойындайды. Бірақ температураны өлшеуді диагностикалық әдіс ретінде қолданған дұрыс емес дейді.

Дене температурасы – бұл дәл емес индикатор. Оған көп нәрсе әсер етеді: ұйқының сапасы, қоршаған орта температурасы, әйелдердегі цикл, стресс, инфекциялар, алкоголь, дәрі-дәрмектер. Тіпті сау адамның өзінде таңертең  «күдікті» төмен температура болуы мүмкін.

Кейбір балама бағыттар бойынша дәрігерлер (мысалы, натуропаттар) кейде бұл сынақты қосымша ретінде пайдаланады. Бірақ диагноз қойған кезде оған ғана қарамайды.

Барнс әдісі клиникалық сынақтан өткен жоқ және дәлелді медицина ретінде танылмаған. Оның дұрыстығын растайтын зерттеулер жоқ немесе өте әлсіз болып саналады.

Қалқанша безі ауруларын зерттеу жөніндегі америкалық қауымдастық диагностиканың заманауи және дәлелді әдістерін қолдануды ұсынады. Олардың ішінде ТТГ, T3, T4, сондай-ақ TПO және TГ антиденелеріне қан анализі бар. Сонымен қатар, қалқанша безін ультрадыбыстық зерттеу де маңызды, бұл оның құрылымын бағалауға және ықтимал өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Барнс әдісінің тарихи маңызы бар және оны қосымша бақылау ретінде қолдануға болады. Дегенмен, ол заманауи зертханалық зерттеулерді алмастыра алмайды. Сондай-ақ ол ғылыми негіздемесі жоқ күмәнді диагностикалық сынақтар тізіміне енгізілген. Қалқанша безінде проблемалар бар деп күдіктенсеңіз, дәрігерге барып, тиісті талдаулар тапсырған жөн.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button