Қауіпсіз демалыс: тур сатып алар кезде алаяқтардың құрбаны болмаудың жолы

Демалыс кезінде мұқият болу керек, мұндай кезде жалған турлар мен сапарларды ұсынатын алаяқтар көбейеді. Fingramota.kz шынайы туроператорды жалғаннан қалай ажыратуға болатынын және алаяқтықтан қалай қорғану керектігін айтып береді.
Туристік агенттіктердің әрекеттерінен зардап шеккендер туралы ақпарат жиі жарияланады. Мысалы, мамыр айының соңында Қостанайда турагентке қатысты алаяқтық ісі қарала бастады. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Түркия, Таиланд, Вьетнам, Мысыр және басқа да танымал бағыттарға турлар «сатқан». Алайда, бірде-бір тур брондалған жоқ. Келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 55 млн теңгеге бағаланады.
Кейбір туристер алданып қалғанын, билет пен қонақ үйдің ақшасы төленбегенін ұшақ ұшатын күні ғана білген. Бірқатары турға кететін шығынды жабу үшін несие де рәсімдеген. Бұл істе Қостанай облысының тұрғындарымен қатар Ресей азаматтары да жапа шеккен.
Әдетте, алаяқтар өздерін турфирма ретінде көрсетеді – жалған сайт немесе әлеуметтік желідегі парақша ашады, тіпті танымал агенттіктердің логотиптерін көшіреді; жеке менеджер ретінде таныстырады – «арзан бағамен» тур ұсынғанымен, ешқандай ресми келісімшарт жасамайды; жалған кеңесші ретінде әрекет етеді – мессенджерлер арқылы жаппай хабарлама жіберіп, ерекше жеңілдіктер мен шұғыл рәсімдеуді ұсынады.
Мұндай алаяқтарды бірқатар белгілерден тануға болады. Олар толық алдын ала төлем немесе ірі аванс талап етеді. Төлемді компания шотына емес, жеке тұлғаның картасына аударуды сұрайды. Барлық шарттар мен тараптардың жауапкершілігі көрсетілген ресми келісімшарттың болмайды. Ең бастысы, шындыққа сай келмейтін төмен баға.
Fingramota.kz турды қалай қауіпсіз рәсімдеп, алаяқтардың құрбаны болмаудың жолын ұсынады:
– турфирманы тексеріңіз. Лицензиясының бар-жоғын анықтап, пікірлерді оқып, байланыс деректері мен заңды мекен жайын растаңыз;
– келісімді мұқият оқыңыз. Қайтару шарттары, сақтандыру және турды болдырмау бойынша айыппұлдарға ерекше назар аударыңыз;
– төлемді тек ұйымның есепшотына жасаңыз. Қаражатты жеке карталарға емес, тек турфирманың есепшотына аударыңыз;
– «жылдам ұсыныстармен» сақ болыңыз. «Тек бүгін ғана» немесе «соңғы мүмкіндік» деген сөздерді алаяқтар жиі қолданып, клиентке қысым көрсетеді.
– құжаттарды сақтаңыз. Чектерді, келісімді және хат алмасуды сақтап қойыңыз — олар сотқа немесе полицияға жүгінген кезде қажет болуы мүмкін.