Фейк: «COVID-19 қарсы егілгендер өкпе қатерлі ісігіне көп шалдығуда»

Танымал Telegram арналарының бірінде темекі шекпейтін адамдар арасында өкпе қатерлі ісігімен ауыратындар саны артқаны туралы хабарланды. Олардың барлығы COVID-19-ға қарсы егілген екен. Вакцинация онкологиялық аурулардың өсуіне әсер етті? Анықтап көрейік.
Бұл ақпаратың көзі – фейк жаңалықтар тарататын The People`s Voice америкалық порталы. Осы сайтта жарияланған ақпаратты халықаралық фактчекерлер де, біздің сайт та бірнеше рет жоққа шығарды.
The People’s voice журналисі биыл 6 маусымда шыққан BBC-дің «Темекі шекпейтіндер арасында өкпе қатерлі ісігінің түсініксіз жағдайда көбеюі» атты мақаласын дереккөз ретінде пайдаланған. Мақалада темекі шекпейтін адамдар арасында өкпе обыры жағдайлары артып жатқандығы айтылған. Сонымен қатар дәрігерлер мен зерттеушілердің бұл құбылыстың ықтимал себептері туралы пікірлері келтірілген.
ДДҰ мәліметтері бойынша, бүгінгі күні өкпе обыры әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі. Ол ерлер мен әйелдер арасындағы өлім-жітім бойынша бірінші орында.
Өкпенің қатерлі ісігі көбінесе кеш анықталады, бұл жағдайда терапияның тиімді әдістері шектеулі болады. 2022 жылы оөңпе обыры шамамен 2,5 миллион адамда анықталды, ал 1,8 миллионнан астам адам аурудан көз жұмды. Аталған дерт темекі шегеін адамдар арасында жиі анықталады, дегенмен, көп жылдан бері әлемде темекі шегу деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Осы жағдай аясында ешқашан темекі шекпеген адамдар арасында өкпе обырына шалдығу жағдайларының үлесі өсіп келеді. Қазір өкпе обыры диагноздарының 10–20%-ы темекі шекпегендерге тиесілі.
Диагностикаланатын қатерлі ісік түрі де өзгерді. Өткен ғасырдың 50–60-жылдары көбіне жалпақ жасушалы карцинома (плоскоклеточная карцинома) анықталатын. Бұл обыр тыныс жолдарын қаптайтын жасушалардан дамиды. Темекі шекпеген адамдарда негізінен аденокарцинома анықталады. Бұл обырдың түрі шырыш бөлетін жасушаларда пайда болады.
Бүгінде аденокарцинома – темекі шегетіндер мен шекпейтіндердің арасында өкпе обырының ең жиі кездесетін түрі. Темекі шекпегендер арасында бұл ауру көбіне әйелдерде, әсіресе азия тектес әйелдерде жиі кездеседі.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл EGFR сияқты генетикалық мутацияларға байланысты болуы мүмкін. Олар әйелдерде, әсіресе азия текстес әйелдерде жиі кездеседі. Зерттеушілер бұған гормондар мен эстроген метаболизмінің ерекшеліктері қатысуы мүмкін деп ойлайды, бірақ нақты себептері әлі анықталған жоқ.
Мәселені зерттеу нәтижесінде темекі шекпейтін адамдарда өкпе обырының даму қаупі радон газының әсерінен, пассивті темекі шегуден, сондай-ақ нашар желдетілетін үй-жайларда тамақ дайындау кезінде немесе ағаш пен көмір жағатын пештердің түтінінен артуы мүмкін екені анықталды. Алайда өкпе обырының дамуына әсер ететін одан да маңызды фактор – ауа ластануы. Бұл қауіп деңгейі жағынан екінші орында тұр деуге болады.
Ауа қатты ластанған аудандарда тұратын адамдар арасында бұл ауру жиі кездесіп, өлім жағдайлары да көбірек тіркеледі. Ғалымдар ұсақ бөлшектердің (PM2.5) жоғары концентрациясы мен темекі шекпейтіндер арасындағы өкпе обырының арасында тұрақты байланыс бар екенін анықтаған. Бұл әсіресе EGFR мутациясы бар адамдарда жиі байқалады.
ДДҰ деректеріне сәйкес, алдағы уақытта Үндістанда ауа ластануымен байланысты өкпе обырынан болатын өлім-жітім артуы мүмкін. Мұнда атмосфераның ластану деңгейі қазірдің өзінде әлем бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.
Осылайша, темекі шекпейтіндер арасында өкпе обырының көбеюіне бірқатар факторлар әсер етеді: генетикалық бейімділік, ауаның (үй ішіндегі және сыртқы) ластануы, пассивті темекі шегу және тұрмыстық ластағыштардың әсері.
Әсіресе, әйелдер, оның ішінде Азия елдерінен шыққандар осындай қауіпке көбірек ұшырайды. Бұл жайтты медициналық зерттеулер де растап отыр.
BBC мақаласында COVID-19 қарсы вакцинацияның өкпе обырының пайда болуына қандай да бір қатысы бар екені айтылмайды да, тіпті меңзелмейді де. Алайда The People’s Voice авторы ғылыми-көпшілік мақалаға сүйене отырып, оның мағынасын бұрмалап, бұл ауру мен вакцинация арасында байланыс бар деген дәлелсіз мәлімдемелерді қосқан.
COVID-19-ға қарсы вакциналардың өкпе обырын тудыратынын дәлелдейтін ешқандай ғылыми дерек жоқ. Мұндай мәлімдемелер – фейк, өйткені олар ешбір дәлелге негізделмеген және вакцинацияны қаралау мен медицинаға деген сенімді әлсіретуге бағытталған.