Fake News

«Салық төлемегені үшін айыппұл салынбайды»: Мемлекеттік кірістер комитеті фейк ақпаратты жоққа шығарды

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көлік және мүлік салықтары үшін қарыздар 1 қазанға дейін өтелмеген жағдайда өсімпұлдан басқа 20 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынатыны туралы ақпарат таратылуда.

Stopfake.kz редакциясы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарласып, бұл ақпаратты жоққа шығаратын ресми түсініктеме алды.

«Салық мөлшерінің қанша екені маңызды емес. Бәріне бірдей айыппұл салынады», – дейді әлеуметтік желілерде таратылып жатқан хабарламаның авторы.


ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл хабарламаның шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді.

«ҚР қолданыстағы Салық кодексінде салық міндеттемесін орындау мерзімі өткен әрбір күн үшін берешек сомасына өсімпұл есептеу қарастырылған, бұл ретте, заңнамамен айыппұл санкциялары қарастырылмаған», – делінген Комитеттің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жер және мүлік салығы бойынша алдағы төлемдер туралы, сондай-ақ салық берешегінің болуы немесе болмауы туралы ақпаратты «Е-Salyk» мобильді қосымшасының «Салық әмияны» сервисінен білуге болады. Мұнда есептелген сомаларды екінші деңгейлі банктердің, «Қазпошта» АҚ төлем карталарының көмегімен толтырылған деректемелер бойынша төлеуге болады.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті «Салық әмияны» қызметінде меншік құқығында тіркелген салық салу объектілерін қарау мүмкіндігі бар екенін еске салады. Қате мәліметтер болған жағдайда, онлайн режимде түзетуге өтініш беруге болады.

«Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық қолданылады, қағидаларға сәйкес жеке тұлға мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша борыштың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Бұл ретте салықтық рақымшылық 2019 жылғы мүлік салығы және жер салығы бойынша міндеттемелерге қолданылмайды» – деп ескертеді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.

 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button