Дәлелсіз: «Қалампыр мыңдаған аурудың емі»

Instagram-да мыңдаған аудиториясы бар блогер күн сайын 2-3 құрғақ қалампырды сорып, шайнап, көп ауруды емдеуге болады дейді. Бұл дәмдеуіш иммунитетті нығайтуға көмектеседі, сондай-ақ қабынумен күреседі, теріге шыққан бөртпелерді емдейді . Сонымен қатар, ол паразиттерге қарсы күшті әсер етіп, онкологиялық процестердің дамуын ерте кезеңдерде тоқтата алады екен. Алайда қалампырдың блогер айтқандай сиқырлы қасиеттері бар ма? Анықтап көрейік.
Қалампыр – кептірілген, ашылмаған қалампыр ағашының бүршіктерінен алынатын дәмдеуіш. Ол бұрыннан белгілі. Күйдіргіш дәмі бар әрі хош иісті. Қалампыр Еуропа мен Азияда кеңінен қолданылады. Оны тамаққа қосады, косметологияда, ароматерапияда, медицинада, Шығыс елдерінде хош иісті зат ретінде пайдаланады.
Қалампыр бүршіктерінде эфир майы, дәрумендер, минералдар, май және илік зат бар. Эфир майының негізгі белсенді ингредиенті – эвгенол. Ол қобалжуды басып, ұйқыны жақсартады. Оның ықтимал әсерлері осымен шектелмейді. Бүгінгі таңда эвгенолдың репродуктивті денсаулыққа әсері белсенді зерттеліп жатыр. Ғалымдар әлі ортақ пікірге келмегенімен, бұл қосылыс әйелдердің етеккір циклін реттеуге қатыса алады, сонымен қатар ерлерде тестостерон деңгейі мен фертильділікке әсер етеді деген мәліметтер бар.
Жалпы, қалампыр медицинада ежелден қолданылған. Онымен тіс ауруын, ас қорыту проблемаларын және тыныс алу жолдарының ауруларын емдеген. Заманауи зерттеулер қалампыр майы кейбір бактериялар мен саңырауқұлақтармен күресуге көмектеметінін дәлелдеген. Дегенмен, оның бәрін белгілі бір мөлшерде ғана қолдану керек екенін естен шығармаған жөн. Бұл дәмдеуішді көп қолданылса, уланып қалуыңыз мүмкін, сондай-ақ оның жағымсыз жанама әсерлері болуы ықтимал. Ал кейбір адамдарға қалампырды мүлдем қолдануға болмайды.
«Роскачество» порталында жоғары санатты эндокринолог, медицина ғылымдарының кандидаты, диетолог Елена Сюракшина жанама әсерлер туралы айтты. Қалампыр аллергия тудыруы мүмкін – қышу, бөртпе және анафилактикалық шок сияқты ауыр реакциялар. Тым көп шайнса, асқазанды тітіркендіріп, күйдіргі тудырады, гастрит немесе ойық жараны күшейтеді. Жүкті әйелдерге қалампырды қалыпты мөлшерде қолдануға рұқсат етіледі, бірақ дәрігермен кеңескен дұрыс. Дәмдеуіш қан айналымын белсендіреді, бұл гипертония мен жүрек-қан тамырлары проблемалары болса, қауіпті. Ол сондай-ақ бауыр мен бүйрекке салмақ түсіреді және дәрі-дәрмектермен жағымсыз реакцияларға түсуі мүмкін. Мысалы, қанды сұйылтуға немесе қантты төмендетуге арналған препараттардың әсерін күшейтеді.
Кливленд клиникасының мамандары қалампыр майының аз мөлшерінің өзі балалар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді – құрысулар мен бауырдың зақымдану қаупі бар.
Бүгінгі күні қалампырды емдік құрал ретінде қолдануға болатын қауіпсіз дозалар мен нақты ауруларды анықтайтын бірде-бір ауқымды ғылыми шолу жоқ. Сондықтан оны қолданар алдында дәрігермен кеңесу керек.
Интернеттегі, әсіресе денсаулыққа қатысты кеңестерге сақтықпен қараған жөн. Қалампырдың антисептикалық, қабынуға қарсы және ауырсынуды басатын қасиеттері бар. Бірақ кез келген басқа табиғи дәрі сияқты, дұрыс қолданылмаса, қалампыр көмектеспейді және ағзаға айтарлықтай зиян тигізеді.