Fake News

Фейк: «Суға өкпені бұзатын қауіпті зат қосады»

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Ресей академигі Владислав Гончаруктың видеосы тарады. Оның айтуынша, суға өкпені бұзатын қауіпті химиялық зат гуанидин қосады екен. Гончаруктың сөзіне қарағанда, COVID-19 пандемиясына Sars-CoV-2 вирусы емес, осы зат себеп болған. Мұның бәрі өтірік.

Алдымен Владислав Гончарук және ол тарататын идеялар туралы қысқаша айтып өтейік. Оның идеялары ғылымнан алыс және көбінесе параллель шынайылық туралы фантастикалық фильмдердің сюжеттеріне ұқсайды. Атап айтқанда, ол адамдарды дельфиндер үйретеді, біздің планетамызға небары 15 мың жыл, сондай-ақ барлық теориялық физикаға негіз болған Эйнштейн теңдеулері дұрыс емес, ал жарық түсіне байланысты әртүрлі жылдамдыққа ие дегенге сенеді.

Бұл идеялардың барлығы ойдан  шығарылған және қиял болып табылады, олардың бізді қоршаған шынайылыққа мүлдем қатысы жоқ екені анық. Сондықтан суға әдейі улы химикат қосып, жаппай улайды деген теорияларға сенудің қажеті жоқ.

Гуанидин – бұл тыныс алған  жағдайда улы болатын және көз бен теріні тітіркендіретін органикалық қосылыс. Оны дезинфекциялау үшін таза күйінде  қолданылмайды.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 мамырдағы қаулысына сәйкес дезинфекциялау үшін құрамында өзге ингредиенттерден басқа гуанидин бар екі құралды ғана қолдануға рұқсат етілген. Бұл «Ультрадез Форте» және «Необак плюс». Осы қаулыға сәйкес, бұл құралдар тиісінше 1,0% және 0,1%-дан аспайтын концентрацияда араластырылады. Сондай-ақ экспозицияның максималды уақыты белгіленген – ол «Ультрадез Форте» үшін 30 минуттан және «Необак плюс»үшін 60 минуттан аспауы керек.

Құбыр суына келетін болсақ, оған гуанидин мүлдем қоспайды. Бұл туралы «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарда» жазылған. Елімізде суды зарарсыздандыру үшін хлор, озон және т.б. заттар қолданылады, олардың мөлшері нақты шектеулі және денсаулық үшін қауіпсіз көрсеткіштерден аспайды.

COVID-19 гуанидинмен уланған суды тұтынудың нәтижесі деген теория негізсіз және фактілерге қайшы келеді. Біріншіден, аурудың адамнан адамға су арқылы емес, байланыс арқылы берілетінін эмпирикалық жолмен де анықтауға болады. Екіншіден, ауру қоздырғышы – SARS-CoV-2 вирусы екендігі ғылыми дәлелденген, оның геномы зерттелген, ашылған және баршаға қол жетімді.

Осылайша, таралған видеода ешқандай дәлелі жоқ жалған мәлімдемелер ұсынылған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button