Дәлелсіз: «Қант диабеті кезінде шалғам мен анар шырыны көмектеседі»

Желіде қант диабетін емдейтін дәстүрлі медицина рецептілері көп. Жақында әлеуметтік желілерде тағы біреуі тарады. Шөп дәрігерлерінің айтуынша, қант диабетін анар мен қара шалғам шырынымен емдейді. Бұл рас па, анықтайық.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда қант диабетімен ауыратындар саны 500 мыңнан асқан. Бұл – медициналық көмекке жүгінген және диспансерлік есепте тұрған пациенттер. Олардың 95%-ы екінші типтегі қант диабетімен ауырады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс эндокринологы Лаура Даньярова науқастардың нақты саны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін дейді. Көбі ауыратындарын білмейді, өйткені екінші типтегі қант диабеті ұзақ уақыт бойы симптомсыз болады.
ДДҰ бағалауынша, 2021 жылы қант диабетінен 1,6 млн адам көз жұмған. Олардың 47%-ы – 70 жасқа толмаған адамдар.
Екінші типтегі қант диабеті толықтай жазылып кетпейді, бірақ оның дамуын бәсеңдетіп, созылмалы асқынуларға жол бермеуге болады. Ұлыбританияның 49 клиникасында жүргізілген зерттеу аурудың ремиссия кезеңіне өтуі мүмкін екенін дәлелдеді. Бұған негізінен қарапайым алғашқы медициналық көмек шеңберінде салмақты қадағалау әсер етеді. Бір жылдан кейін экспериментке қатысушылардың жартысына жуығы ремиссияға жетті – қандағы глюкоза деңгейі қалпына келген. Ғалымдар ауру мен инсулинге төзімділіктің жойылып кетпейтінін айтады.
Қант диабетімен ауыратын адамдарға қандағы қант деңгейін бақылауға және қажет салмақты сақтауға «сау табақ» әдісі көмектеседі. Яғни тағамдар 5 негізгі топқа бөлінеді: жеміс пен көкөніс, баяу көмірсулар, сүт өнімдері, ақуыздар мен майлар. Ал «жай табақтың» көмегімен бұл топтарды оңай біріктіруге болады. Баяу көмірсулар үштен бір немесе одан да көп бөлігін, жеміс пен көкөніс үштен бір бөлігін немесе жартысын құрауы керек. Қалған бөлігі – сүт өнімдері, одан артығырақ – ақуыздар және аз ғана бөлігі – майлар.
Рецептіде аталған анар мен шалғам да қант диабетімен ауыратындар үшін пайдалы. Бірақ олардан шырын жасаудың қажеті жоқ, тіпті жасап, ішсеңіз де, ол емдемейді.
Жеміс, соның ішінде анардың құрамында табиғи қант бар. Кейбір зерттеулерде анардың қант диабетімен ауыратын адамдарда қандағы глюкозаны төмендете алады делінген. Бірақ бұл нақты емес. 2017 жылы жарық көрген ғылыми жарияланымда ғалымдар «анар шыры глюкоза мен инсулин метаболизмінің жақсаруына айтарлықтай оң әсер еткен жоқ» деген қорытындыға келді.
Шалғам жда қандағы қант деңгейін реттей алады. Бұл көкөніс иммундық жүйенің жұмысын және глюкозаның сіңуін жақсартатын, сондай-ақ қандағы қант деңгейін төмендететін диабетке қарсы қасиеттері бар. Зерттеу көрсеткендей, шалғам организмнің инсулинге реакциясын және глюкоза алмасуын жақсартады. Шалғам адипонектиннің өндірілуін арттырады. Бұл жасушаларды инсулинге төзімділіктен қорғайтын гормон.
Анар мен шалғам шырындары қант диабетін емдейтініне нақты ғылыми дәлелдер жоқ. Олар қандағы қант деңгейін төмендетуі мүмкін, бірақ олардың емдік қызметі осымен бітеді. Қант диабеті кезінде ремиссияға түсу үшін дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсенділік және жаман әдеттерден бас тарту қажет.