Фейк: «COVID-19 гидроксихлорокинмен емдеуге болады»
Әлеуметтік желілерде SARS-Cov-2 вирусы мен COVID-19 ауруының бар екенін жоққа шығарған доктор Леонард Колдуэллдің видеосы таратылуда. Ол вакциналарды әлем халқын азайтуға арналған биологиялық қару деп атайды және «вакциналарға қарсы» ем ұсынады. Видеодағы осы және басқа тезистерді талдап шығайық.
Шындығында, Леонард Колдуэлл доктор да, Леонард Колдуэлл де емес. Роликтегі спикердің шын есімі – Бернд Кляйн. Неміс соты оның атын өзгертуді жарамсыз деп таныды. Клейннің медициналық білімі жоқ, ал докторлық дәрежесін өзі қосып алған. 1990 жылдары ол туған жері Германиядан АҚШ-қа кетеді, Кляйн қастандық теорияларымен және күмәнді ем-домды насихаттайтынымен белгілі.
Бернд Кляйннің қатысуымен түсірілген «COVID-19 қастандығы» деп аталатын видео бір сағаттан астам уақытқа созылады. Онда ол өзі туралы көп айтады, кітаптарын, сайтын жарнамалайды, радиода сөз сөйлейтінін айтады. Әңгімелесуші оған бір ғана сұрақ қояды: «COVID-19 деген не?».
Псевдодоктордың алғашқы мәлімдемесі – «COVID-19-дан бірде-бір адам қайтыс болған жоқ». Кляйн COVID-19 тудыратын вирустың және оның штамдарының болуын жоққа шығарады.
SARS-CoV-2 вирусының бар екендігіне күмән жоқ. Вирус геномы толығымен ашылып, 2020 жылдың 10 қаңтарынан бастап баршаға қол жетімді. Вирустың геномын бірінші болып қытай ғалымдары сипаттаған.
Әлемде COVID-19 және аурудың асқынуы салдарынан 5,1 миллионнан астам адам қайтыс болды.
Видеода айтылған тағы бір тезис – «ПТР-вирустың барын көрсетпейді».
Бұл да жалған. ПТР жүргізу кезінде биоматериал үлгісінде қажетті вирустың РНҚ анықталады, содан кейін нақты нәтиже алу үшін ол бірнеше есе көбейтіледі. Егер РНҚ биоматериалында вирус болмаса, онда реакция жүрмейді.
Кляйн ПТР адамның вирустың қандай нұсқасын жұқтырғанын емес, тек вирустың болуын ғана көрсетеді деп дұрыс айтты.
Мына жерде біз бұл туралы толығырақ жазған болатынбыз.
Одан әрі Колдуэлл – Кляйн «COVID-19 гидроксихлорокинмен 100% емделеді» деп мәлімдейді.
Гидроксихлорохиннің тиімділігін зерттеулер 2020 жылдан бастап жүргізілді. Кейбір елдерде препарат COVID-19 емдеу және оны жұқтырудың алдын алу үшін қолданылды. Алайда, 2021 жылдың наурызында ДДСҰ халықаралық сарапшылары оның тиімсіздігі туралы және адамдарға COVID-19 жұқтырудың алдын алу үшін осы препаратты қолдануды тоқтату керек деп мәлімдеді.
«Бұл жедел ұсыныс 6 мыңнан астам адамның қатысуымен өткізілген алты бақыланатын зерттеу барысында алынған аса сенімді деректерге негізделген», – деп атап өтті ұйым. Алынған дәлелдерге сәйкес, гидроксихлорохин «өлім-жітім мен ауруханаға жатқызу көрсеткішіне айтарлықтай әсер еткен жоқ».
Содан кейін Кляйн COVID-19 қарсы вакциналарға көшеді. Оның айтуынша, олардың құрамында улы заттар, соның ішінде графен және генетикалық материал бар, ал вакциналардың өзі иммунитетті жойып, ДНҚ-ны өзгертеді. Бұл вакциналар туралы ең көп таралған жалған теориялар, біз оларды бірнеше рет жоққа шығардық.
Графен оксиді COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында көрсетілмеген. Вакциналардың әсері COVID-19-ға қарсы иммунитетті тежеуге емес, оны қалыптастыруға бағытталған. Вакциналарды сынау туралы есептердің ешқайсысында ДНҚ құрылымындағы өзгерістер немесе бұзылулар түріндегі жанама әсерлер жайлы айтылмаған.
Демек, «доктор» Леонард Колдуэлл, Бернд Кляйн өз қорытындыларында ғылыми тұжырымдар мен зерттеулерге емес, конспирологиялық және ғылымға қарсы теорияларға сүйенеді. Оның негізсіз мәлімдемелер сайттары мен кітаптарына назар аударту үшін қолданылады.