Фейк: «мРНҚ вакциналарындағы графен оксиді сарымсақтың әсерінен жойылады»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде COVID-19 қарсы вакцинаның құпия және өте уытты компоненті – графен оксиді түсірілген жаңа видео тарады. Онда сарымсақ түйірінен итеріліп, алтын сақинаға тартылатын қара шырыштың шоғыры көрсетілген. Роликтің COVID-19 қарсы вакциналарға ешқандай қатысы жоқ.
Бұл видео 2017 жылы кеңінен тараған. Ол кезде пайдаланушылар кадрдағы қара шырышты кесіп алынған қатерлі ісік деп айтқан болатын.
Алайда, мамандар бұл пікірді бірден жоққа шығарды. Гинеколог және онколог дәрігер Мохд Рушдан Мэри Нур Malaysia Gazette басылымына берген сұхбатында кадрларда көрсетілген субстанцияның қатерлі ісік болуы мүмкін еместігін айтқан. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ісіктер видеодағы зат сияқты қара емес. Екіншіден, кесіп алғаннан кейін ісік өледі, өйткені оның жасушалары қуат көзінен айырылады. Үшіншіден, обыр ісіктері видеодағыдай сарымсаққа да, алтынға да әсер етпейді.
Онкологиялық аурулар жөніндегі тағы бір маман, доктор Аншуман Кумар видеода белгілі бір теңіз анемоны көрсетілген деп пайымдауда.
Ал пайдаланушылардың пікірінше, кадрларда балалар ойыншығы магниттік слайм көрсетілген.
Айта кетейік, егер видеода магниттік слайм болса, онда ол пластина астына жасырылған күшті магниттің әсерінен қозғалуы ықтимал. Бір қызығы, видео басында автор затты мөлдір ыдыстан алып қарапайым фарфорға салады, теориялық тұрғыдан айтқанда, бұл оған магнитті жасыруға мүмкіндік берді.
Оның үстіне, бұған дейін магниттік слайм графен оксиді деп ұсынылған.
СOVID-19 қарсы вакциналарда графен оксидінің болуы – фейк. Бұл туралы толығырақ жазған боалтынбыз.
Бұл затты вакциналарға қосу мағынасыз. Сонымен қатар, графен оксиді өте қымбат және оның жаппай өндірісі әлі жолға қойылмаған.
Демек, видеода көрсетілген зат графен оксиді емес, басқа нәрсе. Дәл сол бейне 2017 жылы таратылған, бірақ ол кезде пайдаланушылар кадрларда кесіп алынған обыр ісігі деп айтқан. КВИ немесе басқа ауруларға қарсы вакциналар құрамында графен оксиді жоқ.