Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар 99.99% графен оксидінен тұрады»

Қазнетте COVID-19-ға қарсы вакциналар толығымен дерлік, 99.99%-ы графен оксидінен тұрады деген хабар тарады. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, бұл дәрі-дәрмектің жаппай улау үшін жасалғанын дәлелдейді. Бұл фейк.


Вакциналар 99.99% графен оксидінен тұрады деген теория алдымен желінің испан тілді сегментінде пайда болды, кейіннен ол португал және ағылшын тілдеріне аударылды.
Теория Испанияда мемлекеттік университет болып саналатын Альмерия университетінде жүргізілген зерттеуге негізделген. Алайда, оқу орнының әкімшілігі зерттеуге және ондағы тұжырымдарға қатысы барын жоққа шығарады. 
Зерттеуді қараған мамандар графен оксиді табылған сұйықтықтың шығу тегі белгісіз екенін айтады. COVID-19 қарсы вакциналардың расымен тексерілгеніне ешқандай дәлел жоқ. Сонымен қатар, сұйықтықтарда графен оксидін анықтаған электронды микроскопия әдісі күмәнді және сенімді қорытынды жасау үшін жеткіліксіз болып саналады.
Айта кетейік, зерттеу рецензияланбаған және беделді ғылыми журналдарда жарияланбаған, демек, оны сенімді дереккөз ретінде қарастыруға болмайды.
Графен оксиді COVID-19 қарсы вакциналар құрамында көрсетілмеген.
Олардың құрамымен толығырақ мына жерден танысуға болады:

Pfizer/BioNTech;
Moderna;
Janssen;
Astra-Zeneca;
Sputnik – V;
Hayat-Vax (Sinopharm);
QazVac.

Сонымен қатар, графен оксиді ағзаға енген кезде COVID-19 белгілеріне ұқсас симптомдар тудыратынына ешқандай дәлелдер жоқ. Графен тобына жататын материалдардың токсикологиялық әлеуетін бағалау бойынша зерттеулер бар. Оларда «Графен, графен оксиді және азайтылған графен оксиді in vitro және in vivo улы әсерін тудырады, ал заттың бетінің модификациялары олардың тірі жүйелермен уытты әрекеттесуін едәуір төмендетуі мүмкін» екендігі айтылған. Бұдан әрі дәрі-дәрмек өндірісінде графеннің ағзаға зиянды әсерін толығымен бейтараптандыруға мүмкіндік беретін технология қолданылады және осылайша дәрі-дәрмекті жасушаларға мақсатты түрде жеткізуде материалдың артықшылықтарын пайдаланылатыны жазылған. 
Графен немесе оның оксидтері COVID-19-ға ұқсас белгілер тудыратыны туралы мақалада сөз жоқ.
Қорыта айтқанда, вакциналар 99.99% графен оксидінен тұрады деген хабарламалар – фейк. Олар күмәнді әдістермен жүргізілген және мәтінде айтылғандай Альмерия университетіне қатысы жоқ жалған зерттеуге негізделген. Графен оксиді вакциналардың құрамында көрсетілмеген және бұл зат иммундауға арналған препараттарда жасырын болуы мүмкін деп айтуға негіз жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button