Фейк: «Pfizer-дің бұрынғы қызметкері вакциналарда графен оксиді бар екенін растады»
Қазнет пайдаланушылары Pfizer компаниясының бұрынғы қызметкері компания шығаратын COVID-19 қарсы вакциналарда графен оксидінің бар екенін растағаны туралы ақпарат таратуда. Оның айтуынша, адамға енгізілген бұл зат оны интернетке ешқандай гаджеттерсіз қоса алады және жаппай иммундау науқаны өндірушілер графен оксидінің адамдар өліміне әкелмейтін дұрыс дозасын есептеу үшін қажет.
Карен Кингстоннің Pfizer-де жұмыс істегені рас. Алайда, ол дәрі-дәрмек өндірісіне мүлдем қатыспаған. Кингстон бренд стратегиясының маманы болған, яғни клиенттер тауып, компания үшін маркетингтік стратегиялар әзірлеген.
Кингстон COVID-19 қарсы вакцина жасауға мүлдем қатыспаған, өйткені ол Pfizer компаниясынан 2013 жылға дейін кеткен.
Карен Кингстонның медициналық білімі де, қандай да болмасын салада ғылыми дәрежесі де жоқ.
Оның вакциналар құрамында графен оксиді бар екендігінің «дәлелдері» бұрыс тұжырымдар мен қастандық теорияларына негізделген.
Оларды егжей-тегжейлі қарастырайық.
Біріншіден, Кингстон графен оксиді вакцина патенттерінде де, көпшілікке қолжетімді ақпараттық парақтарда да ингредиент ретінде көрсетілмегенін растайды. Осыған қарамастан, ол заттың белгілі бір коммерциялық құпияға байланысты онда көрсетілмеген деп мәлімдейді. Бұған ешқандай дәлел жоқ.
Екіншіден, маркетолог иммундауға арналған препараттарда графен оксидінің болуы белгілі бір «қытай патентінің» белгісі деп оның скриншотын көрсетеді. Іс жүзінде бұл құжаттың COVID-19 қарсы вакциналарға және Pfizer компаниясына да ешқандай қатысы жоқ. Онда графен оксидін қолдану арқылы вакциналар жасаудың жаңа технологиясы сипатталады, бірақ бүгінгі күні бұл тек идея ғана. Мұндай вакцина әлі әзірленбеген, ол ДДСҰ кандидат вакциналар тізімінде тіркелмеген және ешқашан адамдарда қолданылмаған. Біз бұл патент туралы толығырақ жазған едік.
Үшіншіден, Кингстон COVID-19-қарсы мРНҚ вакциналарда қолданылатын липидті нанобөлшектерді қытайлық SINOPEG компаниясы шығарғанын айтады. Бұл компанияның ресми сайтында полимерлі диэлектриктер үшін құрылымдалған полиэтиленгликоль – графенді қолдану туралы зерттеу жарияланған. Кингстонның пікірінше, бұл вакциналарда графен оксидінің бар екендігінің дәлелі. Алайда, зерттеуде иммундау үшін препараттарда қолданылатын зат туралы айтылмайды. Сондай-ақ, онда сұйықтықтағы заттың суреті көрсетілген, онда оның құрылымы тығыз, қара түсті екендігі айқын көрінеді, яғни ол вакцина құрамында болса, ампуладан көзге көрінетін еді.
Зерттеу 2020 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланғаны да маңызды, ал Pfizer вакцинасы 2020 жылдың 5 мамырында адамдарда сынала бастады, яғни препарат аталңан зерттеуден төрт ай бұрын дайын болған.
Кингстон одан әрі графен оксиді гидрогельдің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады, вакцинацияланған адамдарды гаджеттерді пайдаланбай Интернетке қосуға болады, ал жаппай иммундау науқаны адам өлгенге дейін ала алатын графен оксидінің дозасын анықтауға мүмкіндік беретін сынақ деп бірқатар ғылымға қайшы мәлімдеме жасайды.
Шын мәнінде, графен де, оның оксидтері де гидрогель құрамына кірмейді. Гидрогель полимерлерден тұрады, мысалы, жоғары гидрофильді акриламид сополимері және натрий акрилаты.
Графен оксидінің болуы бірнеше рет теріске шығарылды, оның ішінде Pfizer өкілдерімен де.
Бұл зат қазіргі кезде қолданылып жатқан COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында да көрсетілмеген.
Олармен толығырақ мына жерден танысуға болады:
Pfizer/BioNTech;
Moderna;
Janssen;
Astra-Zeneca;
Sputnik – V;
Hayat-Vax (Sinopharm);
QazVac.
Қорыта айтқанда, Карен Кингстон COVID-19 қарсы вакцина жасаушылардың бірі емес және Pfizer-де дәрі-дәрмек әзірлеуге ешқандай қатысы болмаған. Тиісінше, ол препараттың құрамына қатысты мәлімдеме жасай алмайды. Оның вакциналарда графен оксиді бар деген тұжырымдары фактілерді дұрыс түсіндірмеуге және қастандық теорияларына негізделген.