Фейк: «COVID-19-ға қарсы егілген адамдар Билл Гейтске криптовалюта табаын болады»
Telegram чаттарында СOVID-19 қарсы вакцинамен бірге адамдарға криптовалюта табатын микрочиптер енгізіледі деген хабар тарады. Мұндай технологияға патентті Билл Гейтс әзірлеген екен, демек, егілген адамдардың есебінен алынған биткоиндер оның қалтасына түседі. Бұл жалған.
Айтылып отырған технологияның патенті жайлы бұған дейін жазған болатынбыз. Онда конспирологияны жақтаушылар оның Билл Гейтске вакцинацияланған адамдардың ақыл-ойын басқаруға мүмкіндік береді деген еді.
Шын мәнінде, патентте ондай ештеңе айтылмаған. Ол арнайы құрылғыларды адам ағзасына қосқан кезде физикалық белсенділікті криптовалютаға айналдыруға мүмкіндік беретін технологияға арналған.
Сондай-ақ патентте бұл құрылғылар тері астына чип секілді енгізілмей, сағат немесе әшекей сияқты киіледі.
Айта кетейік, патент 2019 жылдың маусым айында, COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін берілген. Тиісінше, әзірлеушілер жаңа ауру туралы, әсіресе оған қарсы вакцина туралы білген жоқ.
Шын мәнінде, патентте сипатталған технология бүгінде тек жоба ретінде ғана бар. Ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі деңгейін ескере отырып, ағзаға енгізілген ұсақ құрылғылардың көмегімен криптовалюта табу мүмкін емес. Биткоин алу үшін графикалық карта, жүйелік плата, процессор және т.б. қымбат және қуатты бөлшектермен жабдықталған толыққанды компьютер қажет. Дегенмен, супер заманауи компьютер болса да, физикалық белсенділіктен күніне 1-2 АҚШ долларынан артық ақша табуыңыз екіталай.
Көп мөлшерде криптовалюта табу үшін, жеке ғимараттарда, тіпті бірнеше қабатта орналасқан майнингтік фермалар құрылуда, әдетте, олар электр энергиясын көп тұтынады.
Бүгінгі күні майнингтік ферманың қуатына ие кішкентай құрылғыларды әзірлеу мүмкін емес.
Вакциналарда чиптердің болуы – ешқандай дәлелі жоқ қастандық теориясы. Адамдарды чиптеу және онымен байланысты мифтер туралы толығырақ бұған дейін жазған болатынбыз.
Қорыта айтқанда, Билл Гейтске криптовалюта табу үшін вакцинацияланған адамдарды пайдалану теориясы ойдан шығарылған. Аталған патентте чиптер мен вакцинация туралы ештеңе айтылмаған. Оның үстіне, ол COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін берілген. Бүгінгі таңда қолжетімді технологиялармен қуатты процессормен, графикалық картамен және басқа да құрамдас бөлшектермен жабдықталмаған шағын құрылғылар арқылы криптовалюта табу мүмкін емес.