Адамдарды чиптеу: шынайылық пен қиял
Прогресс бір орында тұрмайды. Бүгінде адамдарды чиптеу ғылыми фантастикадан күнделікті шынайылыққа айналды. Бүкіл әлем бойынша адамдар шағын құрылғыларды тері астына өз еріктерімен енгізуде. Бірақ мұндай инновацияға қарсылық танытатындар да бар. Олардың пайымдауынша, чиптер жалпы бақылауға және жеке мәліметтердің жаппай таралуына әкеледі. Кейбір конспирологиялық теорияларға сәйкес, тері астындағы құрылғыны қашықтан «жарып жіберіп», оның иегерін өлтіруге болады.
StopFake.kz порталы бұл болжамдардың шын-өтірігін анықтайды.
Адамдарды чиптеу басталды ма?
Бүгінгі таңда чиптелген адамдардың басым бөлігі Швецияда тұрады. Бұл елде мұндай процедура 2018 жылдан бері жаппай қолға алынған. Бір жылдың ішінде 3,5 мыңнан астам швед чип енгізген.
Чип салғызған адамдар Ресейде, АҚШ-та, Ұлыбританияда және басқа да елдерде бар.
Чип қандай болады?
Тері астына енгізілетін микрочиптер – күріш дәнінен сәл үлкенірек – ені 2 мм және ұзындығы 12. Бұл – микросхема салынған шыны капсула.
Оны қалай енгізеді?
Микрочиптер тері астына, қолға, сұқ саусақ пен бас бармақтың арасына енгізіледі. Чиптеу кезінде ауырмайды және денеде көзге көрінерлік із қалмайды.
Чип не істей алады?
Микрочипті домофон кілті және электрондық кілттер ретінде пайдалануға болады. Құрылғыны кіріп-шығу үшін де қолданады.
Тіпті, жол жүру билеті мен банк картасын да алмастыра алады. Сондай-ақ, адам туралы медициналық ақпарат жинайтын чиптер де бар. Бұл шұғыл жағдайларда дәрігерлерге науқастың қан тобы, ауру-сырқат тарихы, анамнезі және аллергиялық реакциялары туралы толық мағлұмат алуға көмектеседі.
Чип иесінің қозғалысын бақылай ала ма?
Жоқ. Чиптерде GPS хабарлағыштар жоқ – олар бұл үшін тым кішкентай.
Чип жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бере ала ма?
Чип оқу құрылғысынан бірнеше сантиметр қашықтықта ғана іске қосылады. Яғни, зиянкестер жеке деректеріңізді иемденбек болса, мұны білдіртпей істей алмайды, себебі құрылғыны чип иесінің қолына қатты жақындату керек. Сонымен қатар, адамға енгізілген басқа чиптің көмегімен жеке мәліметтерді білу де мүмкін емес – мұндай құрылғылар тек ақпарат қана жібере алады, оны оқи алмайды. Сондықтан, қол алысу немесе кездейсоқ қол тигізу арқылы ақпарат ұрлау мүмкін емес.
Чип жарылып, тасымалдаушыны өлтіруі мүмкін бе?
Жоқ. Электрондық чиптердің өз иелерін өлтіретіні туралы мәліметтер жоқ. Ал бұл мүмкіндікті теориялық тұрғыдан алып қарасақ, шағын құрылғыны жеткілікті мөлшерде жарылғыш немесе басқа да затпен толтыру және детонациялық құрылғымен жабдықтау мүмкін емес екендігін түсінеміз.
Чип сынуы мүмкін бе?
Кез келген техника сияқты, микрочип те істен шығады. Бұл оның иесіне ешқандай қауіп төндірмейді. Чип сынған жағдайда, оны оңай алып тастап, жаңасына ауыстыруға болады.
Микрочиптер қатерлі ісік ауруларын тудыра ма?
Тері астына микрочип енгізген адамдар саны әлі аз болғандықтан зерттеулер жүргізу мүмкін емес. Бірақ чиптелгеннен кейін қатерлі ісік пайда болған бірде-бір адам тіркелмеген. Зерттеуші Кэтрин Альбрехт тышқандарға зерттеу жүргізіп, чиптер ісіктердің пайда болуына тікелей әсер етеді деген қорытындыға келді. Алайда, ғылыми қоғамдастық бұл теорияны дәлелденбеген деп қабылдамай қойды. Бүгінде онкологиялық аурулардың микрочиптермен байланысы расталған жоқ.
Қазақстанда чиптеу жүргізіле ме?
Қазақстанда электронды чиптер енгізуді ұсынатын компаниялар жоқ. Елімізде мектеп оқушыларын жаппай чиптеу туралы қауесеттер бірнеше рет теріске шығарылды.
Чипті вакцина түрінде енгізуге бола ма?
Жоқ. Швед үлгісіндегі чиптерді көлеміне байланысты әдеттегі иненің көмегімен енгізу мүмкін емес. Бүгінгі таңда жасалған ең кішкентай чиптің ұзындығы небәрі 5 нанометр, оларды адамдарға қандай да бір мақсатпен енгізу мағынасыз. Мұндай құрылғылар бір бит ақпаратты ғана сақтайды, бұл қолма-қол ақшасыз төлем жасау және кіреберіс есігін ашу сияқты күнделікті іс-әрекеттерді жасау үшін де жеткіліксіз. Бұл қандай да болмасын мәліметтерді ұсыну үшін де аз. Сонымен қатар, мұндай чиптердің көлемін ұлғайтпай, белгілі бір қуат көздерін орнату мүмкін емес. Бұл чипті вакцина ретінде жай инемен тері астына енгізу мүмкін емес екендігін тағы да бір мәрте дәлелдейді.