Fake News

Фейк: «Билл Гейтс адамдарды вакциналармен әдейі өлтіргені дәлелденді»

Қазнетте Билл Гейтстің кәсіпкер және меценат емес, алаяқ екенін дәлелдейтін қысқаметражды деректі фильм тарады. Ол демеушілік еткен әртүрлі ауруларға қарсы вакциналар сыналған көптеген балалар мен ересектер қайтыс болған. Осы фильмнің негізгі тезистерін талдап шығайық.

  1. Билл мен Мелинда Гейтс қоры даулы сот ісінен кейін Гейтстің беделін жақсарту үшін құрылды.

Фильмде Билл мен Мелинда Гейтс қоры Microsoft корпорациясы қалыптасқан монополияны теріс пайдаланғаны үшін Гейтс компаниясын сотқа бергеннен кейін құрылған дейді. АҚШ Федералды сауда комиссиясы тергеуді 1990 жылы бастап, ешқандай дәлел таппай оны тоқтатты. 1994 жылы АҚШ Әділет департаменті жүргізген тағы бір тергеуден кейін Майкрософт өздері шығарған жаңа өнімдерді Windows операциялық жүйесін сатумен байланыстырмауға келісті. 

Кейін компания Internet Explorer браузерін шығарды, АҚШ үкіметі бұл келісімді бұзу деп санады, өйткені браузер Windows жүйесіне байланған. Бұған қатысты талап-арыз 1998 жылы 18 мамырда берілді. Осы кезде сот істі қарай бастады. 1999 жылы Microsoft компаниясы монополия деп танылып, сот оны біреуі операциялық жүйемен, ал екіншісі басқа өнімдерді жасаумен айналысатын бөлек жұмыс істейтін екі қанатқа бөлу туралы шешім қабылдайды,

Алайда, компания басшылығы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым береді. Нәтижесінде іс одан әрі қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарылды. Нәтижесінде Microsoft пен АҚШ үкіметі келісімге келіп, компания өзінің тұтастығын сақтап қалды. Бұл 2002 жылы болды. 

Билл Гейтс қоры 1994 жылы, яғни сот процесі басталғанға дейін құрылды. Ол Уильям Г.Гейтс қоры деп аталды және оны үлкен Билл Гейтс басқарды. 2000 жылы Қор атауы мен басшылығы өзгерді – содан бері ол Билл мен Мелинда Гейтс қоры деп аталады. Қордың Microsoft корпорациясына қарсы сот ісіне қатысы бар деп санауға негіз жоқ.

  1. Билл Гейтс – ДДСҰ-ның ең ірі демеушісі

Бұл – манипуляция. Билл мен Мелинда Гейтс қоры, біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең ірі демеушісі емес, оны ұйымның сайтында жарияланған есептерден көруге болады. Екіншіден, Қордың ұйымға беретін барлық ақшасы бір ғана полиомиелитті жою бағдарламасына бағытталған.

  1. Билл Гейтс Үндістанда адам папилома вирусына қарсы вакциналарды қыздарда сынаған, соның салдарынан олардың кейбіреулері қайтыс болды

Бұл – ескі фейк. Үндістанда АПВ-на қарсы егу науқаны кезінде бірнеше қыздың қайтыс болғаны туралы хабарланды, бірақ бұл вакцинамен байланысты емес. Жәбірленушілердің бірі суға батып кетті, қалған екеуі кездейсоқ инсектицидтермен уланған, тағы біреуін жылан шағып алған, екеуі безгектің ауыр түрімен ауырған, тағы біреуі АПВ-мен байланысы жоқ аурудан көз жұмған.

  1. Билл Гейтс Африка тұрғындарын азайту үшін континентте вакциналарды сынаған.

Бұл жалған. Теория екі ескі фейкке негізделген – біріншісі, Гейтс африкалықтарға жасырын сынақтар жүргізгені туралы. Бұл қауесетті жоққа шығару туралы мына жерден оқи аласыздар. Екіншісі – америкалық саясаткер Генри Киссинджер Африка халқынығ санын вакциналармен азайту қажет деп айтқаны туралы. Бұл ақпаратты Пойнтер медиа зерттеулер институты жоққа шығарды. 

  1. Гейтстің эксперименттік вакциналарының салдарынан Оңтүстік Суданда балалар қайтыс болды

2017 жылы Оңтүстік Суданда қызылшаға қарсы вакцинация науқаны салдарынан қайғылы оқиға орын алды. Кем дегенде 15 бала қайтыс болды. Бұған Билл Гейтстің қатысы жоқ. Жүргізілген сараптама барлық балалар стерильді емес бір шприцпен егілгенін, сондай-ақ вакцина ампулаларын сақтау кезінде температуралық режим сақталмағанын көрсетті.

 

Демек, негізгі тезистердің ешқайсысы шын емес. Олардың барлығы ескі фейктерге негізделген және объективті шындыққа қайшы келеді. Олай болса, таралған роликке сенбеген жөн.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button