Fake News

Манипуляция:«мРНҚ вакциналарын әзірлеуші вакцинацияланған адамдар коронавирус ақуызын шығарады деп мәлімдеді»

Telegram арналарында COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдар коронавирустың спайк ақуызын бөліп шығарады, осылайша аурудың «супер таратушыларына» айналады деген идея әлі де таратылуда. Теорияны мРНҚ вакциналарын «әзірлеуші» Луиджи Уоррен қолдаған екен. Бұл олай емес.


COVID-19 қарсы вакцина алған адамдар вакцинацияланбаған адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін деген болжамдар биыл көктемде Желіде тарала бастады. Алғашқы теориялар толығымен ғылымға қарсы болды және вакцинацияланған адамдармен қарым-қатынастан кейін, вакцина алмаған адамдарда қан кетіп, бөртпе пайда болуы мүмкін деп айтылды. Бұл мифті бұған дейін жоққа шығарған болатынбыз.
Содан кейін COVID-диссиденттер теорияға псевдоғылыми дәлелдер қосып, өзгертті. Енді олар вакцинацияланған адамдар коронавирустың спайк ақуызын бөліп шығарады, осылайша инфекция таратады деп мәлімдеуде. Бұл теорияның неге бұрыс екенін талдайық.
Спайк ақуызы – бұл коронавирустың бетіне шығатын «тікендер». Тікенді ақуыздар гликопротеиндер болып табылады. Олар вирусты жасушаға бекітеді, нәтижесінде ауру жұғады. SARS-CoV-2 коронавирусы ақуызының үш өлшемді құрылымы толығымен зерттелді және 2020 жылдың наурыз айында сипатталды. 
Спайк ақуыздың мРНҚ және векторлық вакциналар алған адамдардың ағзасында бөлініп шығатыны рас. Алайда, олар бүкіл денеге таралмайды, бірақ препарат енгізілетін бұлшықет аймағындағы жасушалардың бетінде қалады. Бұл жасушаның трансмембраналық зәкірлі аймағына байланысты қамтамасыз етіледі. 
Иммундық жүйе жасуша бетіндегі спайк ақуызды бөтен деп танып, оған антиденелер қалыптастыра бастайды. Нәтижесінде, ағза нақты вирус жұқтырғанда оған «дайын» және аурудан қорғануға қабілетті болады.
2010 жылдардың басында мРНҚ–ны зерттеген Луиджи Уоррен Moderna компаниясының негізін қалаушы Дерик Россимен бірге 26 мамырда өзінің Twitter-дегі парақшасында вакцинация нәтижесінде ағзада бөлініп шығатын спайк ақуыз адам денесінен қоршаған ортаға шығарылуы мүмкін деген пікір білдірді.
«Менің ойымша,«бөліп шығару» идеясы, вакцинацияланған адамдар вирус емес, спайк ақуызын шығаруы керек дегенді білдіреді. мРНҚ вакциналарымен вакцинацияланған адамдар спайк ақуызын бөліп шығаратыны рас, бірақ аз ғана мөлшерде, бұл ауру мен ыңғайсыздық тудырмайды», – деп жазды ол.  Кейіннен әлеуметтік желі модераторлары постты алып тастады.


Алайда, бұдан кейін де бірнешежарияланым болды. Оларда Уоррен вакцинацияланған адамдар қауіпті деп мәлімдемеген. Керісінше, ол спайк ақуызы ауру жұқтыру қаупін төндірмейтіндігі туралы жазған.
– «Бөліп шығару» теориясына сенетіндер, өздеріңіз ойланып көріңіздерші, медицина тарихында, адамзат тарихында өзін-өзі репликациялайтын инфекциялық агенттердің — вирустар мен бактериялардың процесіне тікелей қатыспай, бір адамнан екінші адамға берілетін қанша ауруды атай аласыздар? – делінген оның биылғы 26 мамырдағы постында.
2 маусымдағы келесі жарияланымда Уоррен өзінің ұстанымын түсіндіруді жалғастырады.
– Вирустың «бөлініп шығуы», яғни вакцинадан туындаған иммундық реакция кезінде ескі вирустың жиі таралуы – мен мұны қабылдай аламын.«Тікенектер бөліп шығару» туралы пікірлер маған ғылыми фантастика сияқты көрінеді. Вакцинацияланған адамдар спайк ақуыздың аз ғана мөлшерін «шығарады» (зәрде және т.б.). Бірақ мен бұл маңызды деп ойламаймын», – деп жазды ол.
Осы жылдың 8 маусымында Германияның Correctiv басылымында жарияланған мақалада Луиджи Уоррен спайк ақуызын бөліп шығару мүмкін деген пікірі неге негізделгенін түсіндіреді.
Ол COVID-19 қарсы вакцина алған 13 адамның қан плазмасы зерттелген зерттеуге сүйенеді. Олардың 11-нде қан плазмасында алғашқы дозаны алғаннан кейін аз мөлшерде спайк ақуыздар анықталған. Ал вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін ол ешкімде болмаған.
Бұл зерттеу ғылыми қоғамдастықта келіспеушіліктер тудырды. Біріншіден, оған қатысушылар саны қандай да болмасын ауқымды қорытынды жасау үшін тым аз болды. Екіншіден, зерттеу нәтижелері тек спайк ақуыздарының егілген адамдардың қанында ғана болуы мүмкін екенін және олардың денеден қоршаған ортаға шығарылмайтындығын дәлелдеді.
Гиссендегі Юстус Либиг университетінің вирусология институтының директоры вирусолог Фридеман Вебер Correctiv басылымына спайк ақуызының таралуы ғылыми дәлелденбегенін мәлімдеді.
– «Біздің қанымыз ақуыздарға, яғни Б-антиденелерге толы. Егер біз денемізді қан шыққанша кесіп алмасақ, оларды қоршаған ортаға шығара алмаймыз. Бұл өзге адамдарға ешқандай әсерін тигізбейді», – деді ол.
Ақуыздардың бір адамнан екінші адамға берілу теориясын мамандар мен фактчекерлер де жоққа шығарды.
Қорыта айтқанда, Луджи Уорреннің тұжырымдары тек 13 адам қатысқан зерттеуге ғана негізделген. Бұл еңбекте келтірілген тұжырымдар тек ақуыз тікенектері вакцинацияланған адамдардың ағзасында ғана болатындығын көрсетеді, бірақ олардың адамнан адамға берілетінін дәлелдемейді. Уорреннің өзі ешқашан вакцинацияланған адамдар «супертаратушылар» және басқаларға қауіп төндіреді деп жазған емес. Бүгінгі таңда ғылыми қоғамдастықта спайк ақуыздар адамнан адамға берілуі мүмкін екендігі бойынша ортақ пікір жоқ, өйткені бұл үшін дәлелдер жеткіліксіз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button