Фейк: «Вакцина құрамында графен нанотүтікшелер бар»
Telegram чаттарында пайдаланушылар вакцина ампуласына ұқсас герметикалық жабық бөтелкенің ішінде магнит бөлшектердің барын көрсететін ерекше видеомен бөлісуде. Сондай-ақ, COVID-19 қарсы вакциналарда магниттелетін графен нанотүтікшелері бар деп мәлімдейді. Бұл олай емес.
Жабық шишаның ішіндегі магнит бөлшектер көрсетілген видеода вакцина емес екендігі көрініп тұр. Оны Particles Work логотипінен, бөлшектердің өлшемі, пішіні мен архитектурасы нақты басқарылатын жоғары тиімді нано- және микроқұрылымды материалдарды өндірумен айналысатын компанияның жапсырмасынан түсінуге болады. Particles Work компаниясы ешқашан вакцина немесе басқа дәрі-дәрмек шығармаған.
Компания өнімдерінің қатарында әртүрлі металдардан жасалған магнит бөлшектер бар. Видеода шишаны компанияның ресми сайтындағы осы өнімнің жарнамасынан көруге болады.
Компания шығаратын магнит бөлшектер өнеркәсіпте катализ және қоршаған ортаны қалпына келтіру; фармацевтикада – дәрі-дәрмекті мақсатты жеткізу; биомедицинада – қатерлі ісік ауруының магниттік терапиясы, сонымен қатар диагноз қою кезінде МРТ агенті және т.б. ретінде қолданылады.
Графен де, графен нанотүтікшелер де компанияның сайтында магнит нанобөлшектер жасалатын материал ретінде көрсетілмеген.
Графен қалыңдығы бір атомдық көміртек атомдарының қабаты арқылы түзілген көміртектің аллотропты модификациясы. Ол жақында ғана анықталды. Оны микроэлектроника, өнеркәсіп және т.б. салаларда қолданылады. Графен нанотүтікшелерді вакциналарды жасау кезінде пайдалану туралы деректер жоқ.
Графен және оның туындылары COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында да жоқ.
Демек, вакциналардағы магнит графен түтікшелер туралы хабарламалар фейк болып табылады. Видеода көрсетілген құтыда вакцина жоқ, ал иммундауға арналған препараттардың құрамында бұл ингредиент көрсетілмеген.
Қастандық теорияларын жақтаушылар COVID-19 қарсы вакциналарда магнит барын бұған дейін де дәлелдеуге тырысқан. Біз вакцинацияланған адамдарға магниттер тартылатындығы, сондай-ақ барлық вакциналардың құрамында суперпарамагниттік нанобөлшектер бар екендігі туралы фейктерді жоққа шығардық.