Фейк: «Хитин қатерлі ісік ауруын тудырады және адам ағзасына сіңбейді»
Интернетте хитин адам ағзасына сіңбейді және оны қолдану қатерлі ісік пен басқа да қауіпті аурулар тудырады деген ақпарат тарады. Бұл шын ба? Мұндай ақпарат қайдан шықты? Түсіндіріп өтейік.
Желі қолданушылары хитиннің зияны туралы жәндікпен қоректену әрекетінен кейін айта бастады. Соңғы уақытта әлемнің жетекші елдерінде бұл тақырып белсенді талқылануда. Кейбір ғалымдардың пікірінше, мұндай диета адамдарға дұрыс рационды сақтап қана қоймай, планетамызды жаһандық жылынудан да сақтайды. Жеуге болатын жәндікті өсіру үшін аз ресурстар қажет, ал атмосфераға шығарылатын СО2 мөлшері мал өсіру процесінде болатыннан әлдеқайда төмен.
Жәндіктердің басым бөлігінде хитин қабық болады. Әлеуметтік желілерде оның зияны туралы жазуда.
Шын мәнінде, хитин – табиғатта ең көп таралған органикалық зат. Бұл таза күйінде полисахарид, бірақ жануарлар мен жәндіктердің қабығында онда көбінесе кальций карбонаты, склеротин және пигменттер болады.
Хитин тек жәндіктердің қабығында ғана емес, сонымен қатар кейбір саңырауқұлақта, сегізаяқта, медузаларда, асшаяндарда, крабдарда, шаяндарда, лобстерде және т. б. болады
2000 жылдардың басына дейін адам ағзасы хитинді сіңіре алмайды деп саналды. Алайда, 2007 жылы ғалымдар адамның асқазан сөлінің құрамында хитиназаны – хитинді ыдырататын затты тапқаны туралы зерттеу жарияланды. Осылайша, бұрынғы теория жоққа шығарылды.
Хитиннің адамдарда қатерлі ісік пен басқа ауруларды тудыруы қабілетіне келетін болсақ, бұл да миф, оның пайда болуына ешқандай негіз жоқ.
Ал хитиннің ісікке қарсы және қабынуға қарсы қасиеттері бар деп айтуға болады. Осы тақырыптағы зерттеулер сәйкесінше 2019 және 2015 жылдары жарияланды.
Бірінші зерттеуде хитин олигосахаридтерінің A549 өкпе аденокарценіне және жалаңаш тышқандардың ксенотрансплантаттарына әсер ететін ісікке қарсы әсері туралы айтылған. Нәтижелер хитиннің өкпе аденокарциномасы бар науқастарға шынымен көмектесе алатындығын және олардың жағдайына қатысты болжамдарды едәуір жақсарта алатындығын көрсетті.
Екінші зерттеуде ғалымдар хитин олигосахаридтерінің ісікке қарсы және қабынуға қарсы қасиеттерін зерттеді. Олардың тұжырымдары да осы заттың пайдалы екендігін дәлелдеді.
Хитинді тамақпен қолдану қатерлі ісік ауруының дамуына әкеледі деп мәлімделген зерттеулер жоқ. Сонымен қатар жәндіктерді жеу дәстүрлі мәдениеттің бір бөлігі болып саналатын халықтар бар екенін айта кеткен жөн. Оның ішінде Африка мен Азияның көптеген халықтары да бар. Бұл елдердегі қатерлі ісік ауруының статистикасы жәндіктер дәстүрлі рационның бөлігі болып табылмайтын елдерден жоғары емес.
Мұның бәрі таратылған хабарламаның фейк екенін дәлелдейді. Біріншіден, адам ағзасы хитинді сіңіре алады, екіншіден, бұл зат қатерлі ісік ауруының дамуына әкелетіні туралы деректер жоқ.