Фейк: «Желіде моргеллон құрттарына патент табылды»
Қазақстандықтар Желіде биологиялық қару болып табылатын моргелон құрттарына берілген патентпен бөлісуде. Қастандық теорияларын жақтаушылардың айтуынша, бұл құжат маскаларда және ПТР тест жиынтықтарында кездесетін қауіпті құрттар туралы хабарламаларды растайды. Бұл фейк.
Моргеллон құрттары – бұл бар екендігі дәлелденбеген аурудың болжамды қоздырғыштары. Моргеллондардан зардап шектім деп санайтын адамдар қышуды және жәндіктердің шағуын сезінеді. Ғылыми қоғамдастықта бұл жағдайдың шынайы немесе психикалық бұзылулардың белгісі болып табылатын галлюцинациялар екендігіне қатысты ортақ пікір жоқ.
дегенмен, Моргеллондар ауруы туралы теория COVID-диссиденттер арасында кеңінен танымал. Олар бұған дейін моргеллондардың медициналық маскалар мен ПТР тестілеу жиынтықтарынан табылғаны туралы фейктер таратқан болатын.
Денсаулық сақтау министрлігі маскадағы құрттар туралы қауесеттерді жоққа шығарды
Енді Желі қолданушылары биологиялық қару ретінде жасалған моргеллондардың бар екенін дәлелдейтін патент туралы хабарлама таратуда. Бұл олай емес.
Шын мәнінде, US6245531B1 патенті стероидты гормондарды жәндіктерге қолдану әдісін сипаттайды. Бұл олардың тіршілік ету белсенділігін бақылау үшін қажет. Идея авторларының пікірінше, бұл әдіс зиянды пестицидтерді қолданбай ауылшаруашылық жерлерін зиянкестерден қорғауды едәуір жеңілдетеді.
Құжатта моргеллондар туралы да, биологиялық қару туралы да сөз жоқ. Онда сипатталған технология әзірлемені адамдарға қолдануға жол бермейді, өйткені онда бунақ аяқтылардың эндокриндік жүйесі шығаратын экдизон гормоны туралы айтылады. Олардың ағзасындағы экдизон қабық тастауға жауап береді. Ол адамдарға мұндай әсер ете алмайды.
Демек, Желіде табылған патенттің моргеллондарға да, биологиялық қаруларға да ешқандай қатысы жоқ. Онда жеміс шыбындары сияқты жәндіктер зиянкестерінің тіршілік ету циклін бақылау әдістері сипатталған.
Қастандық теорияларын жақтаушылар өз пікірлерінің дұрыстығын «дәлелдеу» үшін ғылыми әзірлемелерге берілген патенттерді бұған дейін де қолданып келген. Біз кейбір ауыр аурулар мен адамның ақыл-ойын бақылау жүйесі патенттелген деген мифтерді жоққа шығарған болатынбыз.