Фейк: «Мысырлық сфинкстер XVII-XIX ғасырларда жасалған»
Қазақстандықтар Желіде Ежелгі Мысыр тарихы ғалымдар айтқандай ежелгі емес деп жазуда. Бұған Вади эс-Себуада ғибадатханада жүргізілген қазба жұмыстарының фотосуреттері дәлел. Онда сфинкстер жер бетінде тұр, ал ғибадатханаға кіреберіс құммен жабылған. Пайдаланушылардың пікірінше, сфинкстерді қазба жұмыстарына дейін жасап, түсірілім үшін арнайы әкелінген. Бұл жаңсақ пікір. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Мысырдағы Вади эс-Себуадағы ғибадатхананың құрылысы перғауын Аменхотеп III басқарған дәуірде басталды, әртүрлі ғалымдардың айтуынша, ол б.з.д. 1388-1353 жылдары билік еткен. Құрылысты, әртүрлі бағалаулар бойынша біздің заманымызға дейінгі 1304-1213 жылдары билік еткен Рамсес II аяқтаған.
Қазнетте тараған қазба жұмыстарының фотосуреті түпнұсқа, алайда оның қандай жағдайда жасалғанын қазір айту мүмкін емес.
Дегенмен, суретте ғибадатханаға кіреберіс құмға толы, ал сфинкстердің жерде тұрғаны тарихшылардың табылған олжалар бойынша дәлелдеріне қайшы келмейді.
Мысырда әртүрлі көлемдегі және пішіндегі сфинкстер Еуропадан археологтар мен қазына іздеушілер барғанға дейін табылған. Мысалы, археолог Огюст Мариэтт Мысырдың ең көрнекті жерлерінің бірі – сфинкс аллеясын кездейсоқ анықтаған. Ол Гиза, Александрия және Кариедегі жаңа ғибадатханалардағы бақтарда бірдей сфинкстер бірдей орнатылғанын байқаған. Кейінірек, Саккарда ол пирамидалардың біріне қарама-қарсы құмнан шыққан дәл сол сфинкстің басын көрген. Ол адамдарды жалдап, қазба жұмыстарын бастайды, нәтижесінде жүз қырықтан астам сфинксті табады. Яғни, бір жерде орналасқан және бірдей уақыт тұрған сфинкстердің кейбірін толықтай, басқаларын жартылай құм басқан, тағы бірін бөлек қазып алып, басқа қалаларға алып кеткен. Бұл сфинкстердің XVII-XIX ғасырларда жасалғанын және тарихи артефактілер ретінде алдап ұсынылғанын дәлелдемейді.
Сондай-ақ құмның астында қалған ғибадатхана кіреберісі ерекше жағдай емес екенін атап өткен жөн. Қасиетті жердегі заттарды ұрылардан қорғау үшін оны мысырлықтардың өздері жауып тастауы да мүмкін. Археологияны насихаттаушы Курт Вальтер Керам «Құдайлар. Қабірлер. Ғалымдар» атты кітабында ежелгі заманда қабірлерге кіреберістер құммен әдейі жабылғанын отырған деп жазады, өйткені сол кезде мысырлықтардың арасында қайтыс болған ақсүйектер мен перғауындардың байлығын аңдығандар көп болған.
Ал пирамидалардың, сфинкстердің және басқа археологиялық олжалардың жасына келетін болсақ, тек Мысырда ғана емес, сонымен қатар басқа елдерде де оны ғалымдар фото немесе жанама белгілері арқылы емес, нақты және сенімді әдістердің көмегімен анықтайды. Ең заманауи әдістердің бірі – радиокөміртекті талдау. Оның көмегімен органикалық материалдардың жасын дәл анықтауға болады. Пирамидалар негізінен бейорганикалық материалдардан жасалғандықтан, радиокөміртекті талдау жүргізу үшін ғалымдар олардың цемент ерітіндісінен органикалық көмір мен гипс қазып алған. Осындай талдау арқылы және ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбаларына, сондай-ақ 2020 жылы табылған папирусқа сүйене отырып, ғалымдар Гизадағы пирамидалар біздің дәуірімізге дейінгі 2550 жылы перғауын Хеопстың кезінде салынғанын анықтай алды. Әртүрлі зерттеушілер тобы әлі де болса пирамидалардың жасын әртүрлі ғылыми әдістермен бағалауда. Алайда, олардың ешқайсысы пирамидалар 200-300 жыл бұрын салынған деген қорытындыға келген жоқ. Керісінше, кейбір сарапшылар пирамидалар біз ойлағаннан да ертерек салынған деп санайды.
Демек, мысырлық пирамидалар мен сфинкстер XVII-XIX ғасырларда салынған деген теория негізсіз. Бұған фотосуреттен басқа ешқандай дәлел жоқ.