Жалған: «Вакцинация болмағанда адамдар ауруға шалдықпаған және аурудан өлмеген»
Әлеуметтік желілерде пайдаланушылар вакцинация туралы жалған мәлімдемелер айтылған бейнероликті таратуда. Бұл жалған ғалым Николай Левашовтың 2009 жылы оқырмандармен кездесуде сөйлеген сөзінен үзінді. Оның айтуынша, вакцина «ең жақсы жағдайда, иммундық жүйені бұзады, ал ең жаманы – өлімге әкеледі». Сондай-ақ, вакцинация болмағанда адамдар ауруға шалдықпаған және аурудан өлмеген. Ол мысал ретінде шешек ауруына қарсы егуді келтіреді, оның салдарынан «көп адам қайтыс болған» екен.
Бұл мәлімдемелердің барлығы жалған және фактілерге сәйкес келмейді.
Шындығында, вакцина ағзаның иммундық жүйесін төмендетпейді және өлімге әкелмейді. Бұл мәлімдеме вакцинация препараттарының жұмыс принципіне қайшы келеді. Керісінше, аурулар иммунитетті түсіреді, ал вакцина оны күшейтеді және вирустармен күресуге көмектеседі. Вакцинациялардың аурудың ауыр ағымынан және өлімнен қорғайтынын дәлелдейтін зерттеулер көп.
Ғалымдар вакциналар иммунитетке теріс әсер етеді деген пікірлерді жоққа шығарады. Оксфорд университетінің COVID-19 вакциналарын әзірлеу тобының өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында былай дейді: «Вакциналар иммундық жүйені әлсіретеді және бұл өлімге әкеледі деген сөзде шындық жоқ. Ол вакцинацияның барлық ғылыми принциптеріне қайшы келеді».
«COVID-19 қарсы вакциналар иммундық жүйеңіздің басқа инфекцияларға ден қою қабілетін төмендетпейді, сондықтан екпе сізді суыққа немесе тұмауға бейім етпейді», — деді британдық иммунология қоғамының атқарушы директоры, доктор Даг Браун, басылым оның да сөздерін келтірген.
Вакцинация болмағанда адамдар ауырмаған және өлмеген, әсіресе шешектен қайтыс болмаған дегенге келетін болсақ, бұл өтірік. Иммундау тарихына қарасақ, жағдай басқаша.
Адамдар ғасырлар бойы шешек ауруын емдей алмай келген. XVIII ғасырда Еуропада аталған ауру салдарынан жыл сайын 400 000 адам қайтыс болса, аман қалғандардың әрбір үшіншісі көру қабілетінен айырылған.
1796 жылы доктор Эдвард Дженнер қара малдың шешек вирусына қарсы екпесі адамды инфекциядан қорғай алатынын анықтап, шешекке қарсы вакцина әзірлеген.
АҚШ-та 19 ерікті егілген 1802 жылды шешекке қарсы жаппай вакцинация басталған жыл деп санауға болады. 50 жылдан артық уақыт өткен соң егу міндетті болды.
1959 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) әлемді шешектен арылту жоспарын бастады. Өкінішке орай, бұл жаһандық вирусты жою науқаны елдердің қаражатының, қызметкерлерінің және міндеттемелерінің, сондай-ақ вакциналардың жетіспеушілігінен нәтижесіз болды. Барлық іс-қимылдарға қарамастан, 1966 жылы шешек ауруы белең алып, Оңтүстік Америкада, Африкада және Азияда ошақтары тіркелді.
Аурумен күресудің қарқынды бағдарламасы 1967 жылы қайтадан қолға алынды. Ол кезде ауру тараған көптеген елдердегі зертханалар жоғары сапалы вакциналарды көбірек шығара бастаған еді.
1975 жылдың аяғында Бангладештегі үш жасар Рахима Бану әлемде шешек ауруын жұқтырған соңғы адам болды.
1980 жылы бірнеше жыл бойы бақылағаннан кейін ДДҰ вакцинацияның нәтижесінде шешек ауруы бүкіл әлемде жойылды деп мәлімдеді.
Шешекке қарсы вакцина шыққанға дейін бұл індет ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып саналды. ХХ ғасырда шешектен 300 миллионға жуық адам қайтыс болды.
Аталған фактілердің бәрі әлеуметтік желілерде таралған видеода айтылған пікірді жоққа шығарады.