Фейк: «Австралиялық сенатор COVID-19 қарсы вакциналарда нанотехнологияның барын растады»
Қазнет пайдаланушылары австралиялық сенатор Малкольм Робертстің таяудағы сөзі туралы жаңалықпен бөлісуде. Ол COVID-19 қарсы вакциналарда, адам ағзаларында өткір бұрышты жарқыраған құрылымдарға жиналатын құпия ингредиенттер бар деп айтты. Сондай-ақ вакцинацияны геноцидке теңеп, егілген адамдар жаппай өледі деген болжам жасады. Бұл мәлімдемелерді талдап шығайық.
Австралияның One Nation партиясының сенаторы Малкольм Робертс пандемия мен COVID-19 қарсы вакцинация басталғаннан кейін бірден Интернеттің барлық ағылшын тілді сегментінде танымал болды. Адамдар ол туралы мүлдем негізсіз және қастандық теориялармен ғана расталған мәлімдемелер жасағаннан кейін айта бастады. Нақтырақ айтқанда, ол COVID-19 қарсы вакциналар өлімге әкеледі және олардың құрамы мұқият жасырылған деп мәлімдеді. Мұның бәрі өтірік.
Биыл 1 сәуірде Малкольм Робертс адамдарды вакциналарға қатысты пікірнің дұрыс екендігіне сендіру үшін Австралияның Шеллхарбор қаласында ер адамның қайтыс болуын пайдаланып қалған. Оның айтуынша, жас жігіттің, күндіз ұйықтауға жатып, оянбаған екі баланың әкесінің өліміне COVID-19 қарсы вакцинация себеп болған. Осы мәлімдемеден кейін бірден марқұмның жесірі БАҚ-қа хабарласып, «күйеуінің кім екенін, оның қалай өлгенін білмей, оның атын атап, осындай мәлімдеме жасап отырғанына сене алмай тұрғанын айтқан».
COVID-19 қарсы вакциналарда адам ағзасына енгізілгеннен кейін өзін-өзі ұйымдастыра алатын нано-құрылғылар бар деген идеялар – конспирологиялық. Біз де, біздің әріптестеріміз де оларды бірнеше рет жоққа шығарды.
Бүгінгі таңда қолданылатын вакциналардың құрамы баршаға қол жетімді және құпия емес. Атап айтқанда, Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген COVID-19-ға қарсы барлық вакциналар туралы толық деректер ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің порталында орналастырылған.
COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация басталғаннан бері бірде-бір беделді ғалым немесе мекеме баршаға қолжетімді вакциналардың құрамы мен сипаттамаларының шынайылығы мен толықтығына күмән келтіретін зерттеулер, мақалалар немесе басқа да сенімді құжаттар жариялаған жоқ. Бұған дейін желіде вакциналарда ресми құрамдарында көрсетілмеген графеннің бар екендігін дәлелдейтін Альмерия университетінде жүргізілген зерттеу туралы ақпарат тараған болатын. Алайда, кейіннен университеттің өзі оның зерттеуге ешқандай қатысы жоқ, ал құжатта келтірілген тезистер манипуляция болып табылады және ғылыми қоғамдастық өкілдері арасында үлкен күмән тудырды деп хабарлады.
Желіде КВИ қарсы вакциналарда графеннің боулының «дәлелдерін» таратуда
Ғалымдар КВИ қарсы егілген адамдардың қанын бірнеше рет зерттеді. Осылайша, вакциналардың ағзаға әсері және иммундауға арналған препараттар қамтамасыз ете алатын вирустан қорғау ұзақтығы анықталды. Бұл зерттеулер туралы есептер баршаға қолжетімді, оларды оңай табуға болады. Олардың бірде-бірінде вакцинациядан кейін адамдардың қанында қандай да бір нано-құрылғылар пайда болады деп айтылмаған.
Үндістандағы Манипур университетінің PhD докторы түсірген әуесқой видеодан вакцинацияланған адамдардың қан талдауы қалай алынатынын және оның нені көрсететінін өз көзіңізбен көре аласыз. Ол тәжірибе кезінде пациенттердің қанында ешқандай бөгде заттарды таппайды.
Демек, австралиялық сенатор КВИ қарсы вакциналарда жұмбақ нано-құрылғылардың барын «растады» деген ақпарат манипуляция болып табылады. Малкольм Робертс осындай мәлімдеме жасады, бірақ оның сөзінің дұрыстығына ешқандай дәлел жоқ. Керісінше, барлық ғылыми дәлелдер COVID-19 қарсы вакциналарда ешқандай бөгде элементтер жоқ екенін көрсетті, олардың құрамы жарияланды және баршаға қолжетімді. Малкольм Робертс вакцинацияға қарсы белсенді ретінде белгілі және көптеген негізсіз және фейк мәлімдемелердің авторы.