Фейк: «АПВ вакцинасы бедеулікке әкеледі»
Қазнетте 2024 жылдан бастап қыздарға тегін салынатын адам папилломасы вирусына қарсы вакцина бедеулікке әкелетіні туралы ақпарат тарады. Бұл ескі фейк.
Қазақстандық вакцинацияға қарсы адамдар Желі қолданушыларын биыл мектепте қыздарды бедеулікке әкелетін вакцинамен егу басталатындығы туралы ескертеді. Бұл жатыр мойны обырынан қорғайтын адам папилломасы вирусына қарсы вакцина туралы айтылған. Шындығында, бұл препарат қауіпсіз және репродуктивті функцияға теріс әсер етпейді. Толығырақ қарастырайық.
АПВ вакцинасы әлемде 130-дан астам елде қыздарға егіледі. Яғни, әр мемлекетте препарат жергілікті мамандармен тексеріліп, тиімді және қауіпсіз деп танылды.
Сонымен қатар, вакцинаны тәуелсіз ғалымдар да көп зерттеді. Америкалық сарапшылар 58 мыңнан астам вакцинацияланған қыздың арасында бір ғана баладан аналық бездің ерте сарқылу белгілері болғанын анықтады. Бұл жағдай вакцинациямен байланысты емес.
2021 жылдың тамызында бедеулік пен АПВ вакцинасы арасындағы ықтимал байланыс туралы зерттеулерге ауқымды шолу жарияланды. Оған 1997 жылдан 2021 жылға дейін жарық көрген еңбектер енді. Шолу критерийлеріне сай ғылыми еңбектерді мұқият зерттей келе, зерттеушілер АПВ вакцинасы бедеулікке әкеледі деген теорияны сөзсіз дәлелдейтін деректер жоқ деген қорытындыға келді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында да бұл препараттың репродуктивті функцияларға теріс әсер етпейтіні туралы мәліметтер жарияланған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинация үшін барлық қажетті тексерулер мен зертетулерден өткен қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген вакцина қолданылатынын хабарлады.
– Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде АПВ (адам папилломасы вирусы) вакцинациясының бедеулікке әкелетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және жалған деп танылады. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен барлық азаматтарды ресми көздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз. ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялауды енгізу ағымдағы жылдың қыркүйек айында жоспарланғанын хабарлайды. АПВ вакцинациясы үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген «Мерк Шарп және Доум» (АҚШ) компаниясы шығарған 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады», – деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар, Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы немесе күн сайын 5 жаңа жағдай тіркеледі, жыл сайын 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады немесе күн сайын 2 әйел қайтыс болады. Бүгінгі таңда АПВ алдын алудың және жатыр мойны обырының дамуының жалғыз әдісі – вакцинация.
Антиваксерлер барлық дерлік екпе бедеулікке әкеледі едйді. Екпенің мұндай «жанама әсері» шешекке қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаға қатысты ойлап табылған. Әрине, оның мұндай әсері болмаған, бірде-бір адам ұрпақсыз қалған жоқ. Егу шешектің алдын ала алады, нәтижесінде ауру толықтай жойылды. Жер бетінде 40 жылдан астам уақыт бойы бірде-бір адам шешекпен ауырмаған.
Вакцинацияға қарсы адамдар COVID-19, полиомиелит, сіреспе және басқа ауруларға қарсы вакциналар да бедеулікке әкеледі деп мәлімдеген. Мұның бәрі ойдан шығарылған.