Манипуляция: «ФТР басшысы химтрейлдердің бар екенін растады»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Лос-Анджелес ФТБ-ның бұрынғы басшысы Теодор Гандерсонның видеосын таратуда. Ол химтрейлдер –қалалардың үстінен ұшақтардан улы химикаттарды әдейі шашу бар нәрсе және бұл барынша көп адамды өлтіру үшін үнемі жасалады деп айтады. Мұндай мәлімдемелер ештеңені дәлелдемейді, неге екенін түсіндіріп өтейік.
Алдымен химтрейлдің не екенін және олардың бар екеніне сенудің нақты себептері бар-жоғына қысқаша тоқталайық.
Химтрейлдер немесе басқаша айтқанда, химиотрассалар деп қастандық теориясын жақтаушылар аспанда елді мекендердің үстінен улы заттар шашып, ұшып өткен ұшақтан қалған іздерді атайды. Бұл теория 1980 жылдардың соңында және 1990 жылдардың басында қалыптаса бастады. Бастапқыда оның жақтастары осылайша құпия әлемдік үкімет ауа райын басқарады деп келді. Кейіннен бұл идеяны ұстанушылар ұшып өткен ұшақтар планета халқын азайту үшін адамдарды улайды деп айтты. COVID-19 пандемиясының басталуымен химтрейлдер туралы теория қайта жанданды, өйткені адамдар ұшақтардың вирустық бөлшектерді шашады және соның салдарынан ауру өршиді дегенге сене бастады.
Қарағандылықтар ұшақтың конденсациялық іздерін коронавирус шашудың белгілері деп ойлады
Мұндай әрекеттердің шынайылығы ешқашан расталғанған емес және расталмайды да. Кейде желіде ауаны талдаудың белгілі бір нәтижелері, ғалымдар немесе саясаткерлермен теорияны «растайтын» сұхбаттар жарияланатынына қарамастан, олардың барлығы жалған немесе мүлдем дәлелденбеген болып шығады.
Конспирологияның жақтаушылар химтрейлдер деп атайтын нәрсе, шын мәнінде, ұшақтардың конденсациялық іздері. Олар ауа температурасына, атмосфералық қысымға, ылғалдылыққа, кеменің ұшу биіктігіне және басқа да факторларға байланысты әртүрлі пішінде, тығыздықта болуы және әр түрлі уақытта көрінуі мүмкін. Мұның бәрі ғылыммен түсіндірілген.
Енді Теодор Гандерсонның кім екені және физика заңдарынан гөрі оның сөзіне сену керек пе, осыған тоқталайық.
Тед Гандерсонның ФТБ-ның белгілі арнайы агенті болғаны, тіпті Лос-Анджелесте бөлім бастығы қызметін атқарғаны рас. Оның баласының айтуынша, ол Мэрилин Монроның өлімі және Джон Кеннедиді өлтіру сияқты үлкен істерді тергеген. Гандерсон 2011 жылы 82 жасында қайтыс болды.
Өз өмірі мен мансабында ФТБ-ның арнайы агенті ретінде ғана емес, сондай-ақ конспирологиялық идеяларды дәріптеуші ретінде де танылып үлгерді. Атап айтқанда, ол барынша әшкерелеуге тырысқан сатанистер мен жас балаларды азғырушылар тобының бар екеніне сенді. 1980 жылдары бұл нанымдардың салдарынан Гандерсон сол кездері АҚШ-та туындаған «шайтандық дүрбелеңнің» негізгі тұлғаларының біріне айналды. Бұл 1983 жылы тамызда Калифорния тұрғыны Джуди Джонсон полицияға екі жасар ұлының мектепке дейінгі қызметкерлер тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын хабарлағаннан кейін болды. Тәртіп сақшылары тергеуді бастағаннан кейін, сол мекемеге барған балалардың жүздеген ата-аналары өз балаларына жыныстық зорлық-зомбылық көрсетілгенін айтты. Екі жастан бес жасқа дейінгі балалар тәрбиешілер олардың көз алдында қояндар мен тасбақаларды өлтіріп, зиратқа апарып, мәйіттерді қазып алуға мәжбүрлегенін және жыныстық қатынасқа түскен шайтандық рәсімдерді орындағанын, оның барлығы видеоға түсірілгенін жаппай хабарлады. Бұл іс-әрекеттер көбінесе мектепке дейінгі мекеме ғимаратының астындағы құпия туннельдерде жасалған. Барлық осы оқиғаларды көпшілікке Тед Гандерсон да егжей-тегжейлі толық сипаттап берді. Полиция да, прокуратура да балаларға жыныстық зорлық-зомбылықтың көрсетілгеніне, туннельдердің, зираттар мен жануарлардың қалдықтарының болғанына ешқандай дәлел табылмаған соң және 1985 жылы қылмыс жасалды деп мәлімдеген Джуди Джонсонда параноидтық шизофрения анықталғаннан кейін де, ол бұл теорияның шынайылығына сенді.
Сонымен қатар, Гандерсон АҚШ билігі жасырын түрде жаппай өлім жазасына дайындалып, ондаған жүздеген гильотина сатып алуда деген теорияны ойлап тауып, таратты. Бір қызығы, бұл қауесеттер осы уақытқа дейін Желіде талқыланып келеді. Бұ 2020 жылы USA Today порталы осы тақырыптағы тағы бар терістейтін материалын жариялады.
Феномен мынада, Гандерсонның тұжырымы ойға қонымсыз болғанына қарамастан, оған мыңдаған адамдар сенді. Бұл «беделді тұлғаға аппеляция» ретінде белгілі танымдық бұрмаланумен оңай түсіндіріледі. Бұл адамдар беделді адамның аузынан шыққан ең күмәнді ақпаратты да шындық ретінде қабылдауға бейім екендігіне негізделеді.
Бұл құбылыс өте жақсы зерттелген және маркетинг, саясат, басқа да салаларда кеңінен қолданылады.
Мұның бәрі Тед Гандерсонның сөзіне толықтай сенуге болмайтынын көрсетеді. Ол сенген нәрсе болса да, бұл «нәрсенің» шынайы немесе негізді болуы міндетті емес.
Осылайша, химтрейлдер туралы конспирологиялық теория әлі де толық дәлелденбеген болып қалып келеді. Тед Гандерсонның оған сенгені оның барын растамайды. Сондай-ақ, оны Жер халқының бір бөлігін жоюға бағытталған әлемдік қастандықтың бар екенінің дәлелі ретінде қарастыруға болмайды.