Фейк: «Жаңа зерттеу маймыл шешек вирусының зертханада жасалғанын дәлелдейді»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінің қатысушылары Португалия ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу туралы жазды. Бұл еңбек бүгінде ауру ошағы тіркелген маймыл шешек вирусы зертханада қолдан әдейі жасалғанын дәлелдейді екен. Бұл теорияны талдап, оның неге шындыққа жанаспайтынын түсіндіріп өтейік.
Маймыл шешек вирусы белгілі бір биозертхананың жобасы екендігі туралы мәтінде мұны растайтын зерттеуге сілтеме берілген. Алайда, жұмыстың өзін оқыған кезде, бұл вирустың қолдан жасалғаны туралы теорияны дәлелдемейтінін және мүлдем басқа тақырыпта екенін түсінеміз. Жұмыстың атауы: «Бірнеше елдегі маймыл шешек вирусының өршуі: генетикалық дивергенция және микроэволюцияның алғашқы белгілері». Бұл 2022 жылғы 15 және 17 мамырда 9 пациенттің үлгісінен алынған вирус геномының тоғыз қосымша тізбегін жариялау туралы. Еңбекте маймыл шешек вирусының шығуына қатысты бір ғана сөйлем жазылған: «Бірнеше елде аурудың таралуының себебі бірдей болуы мүмкін». Вирус жасалған биозертханалар, оның әдейі немесе кездейсоқ таратылуы туралы мәтінде ештеңе айтылмаған.
Сонымен қатар осы жылдың 25 мамырында әртүрлі елдердің, соның ішінде португалиялық ғалымдар маймыл шешек вирусының зертханада жасалғаны туралы теорияны жоққа шығарды. Бұл туралы Newsweek егжей-тегжейлі жазды.
Одан әрі таралған мәтінде Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы туралы жазылған, оның нәтижелері вирустың террористермен жұмыс істейтін зертханада жасалғанын көрсетті. Бұл олай емес. Шын мәнінде, Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында оқу-жаттығулар өткізілді, оның сценарийі бойынша террористер әуежайларда маймыл шешек вирусын таратқан. Бұл ұйымдастырушылар әлемде жоқ Бриния мен Арника елдерінде болған ойдан шығарған оқиғалар. Демек, ақпарат авторы ойдан шығарылған сценарийді нақты болған «жайт» деп айтып отыр.
Сондай-ақ хабарламада маймыл шешек вирусының зертханада жасалғаны туралы теорияны NIH аббревиатурасымен көрсетілген Португалияның Ұлттық денсаулық сақтау институты қолдады делінген. Шын мәнінде, Португалияда мұндай институт жоқ, ал NIH аббревиатурасы АҚШ-тың ұлттық денсаулық сақтау институтының белгісі. Оның қызметкерлері маймыл шешек вирусы зертханада жасалды және әдейі таратылды деген теорияны қолдаған жоқ және тиісті зерттеулер жарияламаған. Бұған Институт кітапханасының сайтында monkeypox (маймыл шешегі) деп іздеп, барлық жұмыстардың тізімін қарап, көз жеткізуге болады.
Қорыта айтқанда, таралған ақпарат – фейком. Ондағы мәлімдемелер нақты фактілерге қайшы келеді, ал келтірілген «дәлелдер» іс жүзінде ондай емес.