Facebook-те Президенттің 2 жаңа жалған аккаунты пайда болды
Алаяқтар фейктерді тарату үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосуретін пайдалануды жалғастыруда. Тамыз айының басында Facebook әлеуметтік желісінде Мемлекет басшысының бірден 2 жалған аккаунты пайда болды. Екі профиль де «Kassym-Jomatt Tokayeff» деп аталады», – деп хабарлайды Stopfake.kz.
Бұған дейін Stopfake Президент атынан ақшалай сыйлықтар ұтысын өткізгендер туралы жазған болатын. Мәтінде қателер болды және ол қазақ тіліне онлайн-аудармашының көмегімен аударылған болуы мүмкін.
Бұл жолы алаяқтар орфографиялық кемшіліктерді түзеткен, бірақ мазмұны өзгермеген —өз есіміңіздің бірінші әрпін жазып, сыйлық алуыңыз керек.
“НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ …! БАРЛЫҚ ЕЛДЕР үшін, бүгіннен бастап сіз орнатқан шекті деңгейге дейін, мысалы 10 тамызда, мен Facebook-те кездейсоқ адамдарды таңдаймын, ресми (алаяқтық жоқ). Үйде тіркеліп, 10 минут ішінде марапаттарға ие болыңыз, біз бұл туралы адамдарға көмектесу үшін жариялаймыз, өйткені CROWN вирусының эпидемиясы көптеген адамдардың жұмысына кедергі келтірді”, – делінген мәтіндерде.
Өткендегідей адамдар жалған аккануттарға пікірлер жазып, мәтінмен бөліскен. Жалған-Президенттің бір профилінде 3 мыңнан астам пікір бар, екіншісінде – мыңнан асады.
Екі профиль де 2018 жылы ашылған, ал 2 жылдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосуретін пайдалана бастаған.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы тек Instagram мен Twitter-де ғана ресми тіркелген және ешқандай ақшалай жүлделер ұтысын өткізбейді.