Қазақстандықтар 13 айлық күнтізбеге ауыспайды
StopFake.kz порталының редакциясына оқырманнан өтініш келіп түсті. Ол жақын арада Қазақстанның жаңа хронология жүйесіне көшетіні және 13 айлық күнтізбені қолданатыны рас па деп сұраған.
Елімізде өзіміз үйренген Григориан күнтізбесінен бас тарту және жаңасына көшу туралы ұсыныс шынымен жасалды. Бұл нұсқа ежелгі түркі жыл санауы жүйесінің негізінде әзірленген және әрқайсысы 28 күндік 13 айдан тұрады. Осылайша, әр жаңа ай дүйсенбіден басталып, төрт аптаға созылады. Күнтізбелік жыл мерзімдері қазіргідей үш айдан емес, 13 аптадан тұрады. Осы есептеу жүйесіне сәйкес Жаңа жыл көктемде күн мен түн теңесетін 21 наурызға келуі керек. Мұндай тұжырымдаманың авторы – академик Сайлыбай Бекболатов.
– Мен бұл күнтізбені 13 жылдан бері әзірлеп келемін. Ол табиғат заңдарына негізделген, үйлесімді және ойдан шығарылған Григориан күнтізбесіне қарағанда әлдеқайда жақсы. Күнтізбе патенттелген. 2014 жылы Англияда әлемнің 40 елінің өкілдері қатысқан халықаралық ғалымдар конгресінде осы күнтізбе туралы баяндама жасадым. Барлығы тәнті болып, өз орындарынан тұрып қол шапалақтады. Бірақ біздің Үкімет жаңа күнтізбеге көшу туралы ұсынысыма жауап қатпады, келісімін берген жоқ», – дейді академик.
Оның айтуынша, Григориан күнтізбесінің кемшіліктері бұрыннан белгілі. Олардың ең бастысы – бір күндік қателік, ол 10 мың жылда бір рет жиналады.
Сайлыбай Бекболатовтың айтуынша, оның нұсқасында ешқандай қателік болмайды. Өкінішке орай, ғалым математикалық есептеулер келтірмеген, бірақ ол ұсынып отырған жыл санау жүйесі аспан денелерінің қозғалысына, табиғат заңдарына, ежелгі түркілердің біліміне және жер Күнді толық айналған кезде «жанынан» өтетін 13 шоқжұлдызға негізделген. Автор жаңа жыл санау жүйесінің артықшылықтарын атап өткенімен, Қазақстан үкіметі оған өтпейді. Елімізде бұрынғыдай 12 айлық Григориан күнтізбесі қолданылады.
– 13 айлық жаңа күнтізбеге өту бойынша қандай да бір жұмыстар немесе осы бағыттағы басқа да іс-шаралар жоспарланып жатқандығы туралы ақпарат жоқ. «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің іргесінде бұл мәселе талқыланған жоқ», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, ғалымдар күндер мен апталарды санаудың жаңа жүйесін бұған дейін де жасаған.
Мысалы, 2011 жылы америкалық ғалымдар ойлап тапқан күнтізбеде әр күн апта күніне сәйкес келген, әр үшінші айда 31 күн, ал кібісе жылдар әдеттегіден бір аптаға ұзағырақ болған.