Қазнетте антибиотик қабылдап, қайтыс болған 18 адамның өлімі туралы ескі фейк тарады
Қазнетте Алматы дәріханаларында 18 адамның өліміне себепкер болған «Цефтриаксон» препаратының қайта сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Постқа пандемия кезінде оңтүстік астанада жалған дәрі-дәрмек жасаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шығарылғаны туралы видео тіркелген. Бұл ескі фейк біздің сайтта бірнеше рет жоққа шығарылған.
Жалған хабарлама алғаш рет Желіде 2023 жылдың ақпанында шыққан. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі оны жоққа шығарды.
2023 маусымында жалған ақпарат әлеуметтік желілерде тағы да жарияланды. Біздің сайт ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласты. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында былай делінген:
«Пациенттің өліміне әкелген «Цефтриаксонның» жағымсыз реакциялары (сары карталар) туралы карт-хабарламалар тіркелмеген. ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментіне мұндай шағымдар түскен жоқ».
Видео да ескі. Ол 2021 жылғы 17 қарашада ZTB онлайн-ресурсында орналастырылған. Онда пандемия кезінде дәрі-дәрмектерді қолдан жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ туралы айтылады. Роликте «Цефтриаксон» антибиотигі және 18 адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат жоқ.
ҚР Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл хабарламаға қатысты пікір білдірді.
«Бұл оқиға туралы ақпарат сенімсіз. Ол 2020 жылдан бері таратылып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарған және ол шындыққа жанаспайды.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен комитеттің Алматы қаласы бойынша аумақтық бөлімшесінің атына шағымдар түскен жоқ.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінде «Цефтриаксон» халықаралық патенттелмеген атауымен 50 дәрілік зат тіркелген. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы № ҚР ДСМ-4 бұйрығымен бекітілген дәрілік препараттарды рецептісіз және рецепт бойынша босатылатын санаттарға жатқызу қағидаларына сәйкес «Цефтриаксон» ХПА бар дәрілік зат дәрігердің рецептісімен ғана беріледі.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті азаматтарды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге, қауесеттер мен жалған ақпарат таратпауға шақырады», – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Бұл ескі фейк. Бұған дейін біз жалған хабарламаны қалай тануға болатыны туралы жазған болатынбыз.