Фейк: «COVID-19 – ға қарсы жаппай вакцинация – бұл үшінші дүниежүзілік соғыс»
Қазақстандықтар WhatsApp мессенджерінде таратқан аудио хабарлама авторы адамдарды COVID-19-ға қарсы егуден бас тартуға шақырады және вакцинацияны «үшінші дүниежүзілік соғыс» деп атайды. Бұған сенудің қажеті жоқ, хабарламада айтылған тезистерді талдайық.
«COVID-19 қарсы вакциналарда 600 000-ға дейін әртүрлі вирус анықталды»
Хабарлама авторы вакциналарды ұрлап алып, оны тәуелсіз зертханаларда зерттеген кейбір ғалымдар осындай жаңалық ашты деп мәлімдейді. Алайда бұған ешқандай дәлел жоқ. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Pfizer/BioNTech препаратында Кох таяқшасы, стафилококк және гемолитикалық стрептококк бар қауіпті патогендер жиынтығы бар деген фейк ақпарат жоққа шығарылған. Шын мәнінде, мұндай қорытынды жасауға микроскоптың астындағы белгісіз үлгіні қарап, құрылғының окулярында не көрінетінін білмек болған белгісіз адамдар тобының видеосы негіз болды. КВИ қарсы вакциналарда бірқатар қоздырғыштардың барын растайтын ғылыми жұмыстар мен жаңалықтар жоқ болмаған.
«Вакциналар жүрек бұлшықетінің параличін тудырады, мүгедектікке және өлімге әкеледі»
Дыбыстық хабарламада вакциналар миокардит тудырады деп айтылады. Автордың айтуынша, бұл жүрек бұлшықетінің параличі, ол мүгедектікке әкелуі мүмкін. Шын мәнінде, миокардит – бұл емделетін және салдары болмайтын жүрек бұлшықетінің қабынуы. Миокардит вакцинация нәтижесінде болуы ықтимал, бірақ миокардит жағдайларының барлығы мРНҚ вакциналарын салдырумен байланысты. Вакцинациядан кейін миокардит өте сирек болады, көбінесе ол препараттың екінші дозасын алған жас ер адамдарда кездеседі. Бұл диагнозы бар пациенттердің көбі қысқа мерзімде толық емделіп шықты.
«Вакциналарда графен оксиді бар»
Бұл біз бірнеше рет жоққа шығарған ескі фейк. Бұл заттың иммундауға арналған препараттарда бар екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Вакциналарда графен оксидінің болуын вакцина өндірушілердің өздері де жоққа шығарды.
COVID-19 қарсы вакциналардың құрамы құпия емес және көпшілікке қол жетімді.
Олармен толығырақ мына жерден танысуға болады:
Pfizer/BioNTech;
Moderna;
Janssen;
Astra-Zeneca;
Sputnik V;
Hayat-Vax (Sinopharm);
QazVac;
CoronaVac;
Vero Cell.
«Вакциналарда белгісіз өзге ғаламшарлық тіршілік иелерінің немесе биороботтардың жұмыртқалары табылды»
Бұл фейктің дереккөзі – вакцинацияға қарсы тұлға және қастандық теорияларын жақтаушы Кэри Мадей. Оның COVID-19 қарсы вакцинадан гидраға ұқсайтын белгілі бір тіршілік иесін тапқаны туралы мәлімдемелерін Reuters және USA Today сияқты басылымдардың фактчекерлері жоққа шығарды. Вакциналарда тіршілік иелерінің болмайтыны анық, өйткені препараттар төмен температурада және күн сәулесі түспейтін жерде сақталып, тасымалданады.
«Вакцинацияланған адамдардың жартысы плацебо алды, сондықтан иммундаудың қауіпсіздігіне сенеді»
Бұл мәлімдеме толығымен негізсіз және бірнеше рет теріске шығарылған. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде COVID-19-ға қарсы 4.21 млрд адам егілді. Егер олардың жартысына дәрінің өлімге әкелетін дозасы салынса, онда әлем бойынша екі миллиардтан астам адам қайтыс болып, шығу тегі белгісіз созылмалы ауруларға шалдығуы керек еді. Алайда, бақытымызға орай, әлемде мұндай ештеңе болып жатқан жоқ.
«Вакцинацияланған адамдар Wi-Fi және Bluetooth таратады»
Бұл ғылымға қарсы. Wi-Fi және Bluetooth сигналдарын қабылдау немесе шығару үшін толқын ұзындығына көбейтілген антенна қажет. Bluetooth технологиясы жағдайында бұл көрсеткіш шамамен 31 мм құрайды. Бір ампулада вакцинаның бес-он дозасы барын ескере отырып, препаратты өндірушіге байланысты құтыда әрқайсысы үш сантиметрлік 5-10 металл антенна болуы тиіс. Оларды мөлдір сұйықтықта байқамау мүмкін емес. Вакцинацияланған адамдар Wi-Fi және Bluetooth сигналдарын ұстап, тарата алады деген теорияны фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды.
«Егілген адамдар өз денелерімен криптовалюта өндіреді»
Бұл қастандық теориясы денеміз қозғалыс кезінде шығаратын энергия есебінен криптовалюта өндіре алатын құрылғылар сипатталған Желіде табылған патентке негізделген. Алайда, оның вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ және онда көрсетілген деректерге сәйкес, майнингке арналған құрылғылар тері астына енгізілмйді. Оларды телефон ретінде алып жүру немесе фитнес білезігі сияқты тағып жүру керек. Сонымен қатар, патенттің болуы технологияның қашан да болсын жасалатынын және кеңінен қолданылатынын дәлелдемейді.
Илон Маск барлық вакцинацияланған адамдар криптовалюта өндіруі үшін жерсеріктерді іске қосады
Бұл жалған. Илон Маск Жер халқын, олардың географиялық орналасуына қарамастан, жоғары жылдамдықты спутниктік интернетпен қамтамасыз ету үшін бәріне ортақ Starlink желісін құру үшін жерсеріктерді іске қосады. Адамдар бұл мүмкіндікті қалай пайдалануы тиіс екендігі жайлы Маск ешқашан айтқан емес. Осыған ұқсас қастандық теориясын біз бұған дейін жоққа шығарған болатынбыз.
Сонымен, барлық айтылған тезистер ғылыми мәліметтерге және жалпы дұрыс ойға қайшы келетін фейк және қастандық теориялары болып табылады. COVID-19 қарсы вакцинация адамзаттың көп бөлігін жою және тірі қалғандарды криптовалюта шығаруға мәжбүрлеу әрекеті емес, қауіпті аурудың алдын алудың тиімді және қауіпсіз әдісі болып табылады. Демек, вакцинациялау науқанын «үшінші дүниежүзілік соғыс» деп атауға негіз жоқ.