Фейк: «Токио Олимпиадасының логотипінде қауіпті белгі шифрланған»
Әлеуметтік желі қолданушылары Токиодағы Олимпиада ойындарының логотипінен шифрланған символды байқаған. Олардың пайымдауынша, суретте 666 саны жасырылған және шайтанның қызметшілерінің әлемдік қастандығының дәлелі болып табылады. Бұл жалған.
Токиодағы Олимпиада ойындары биыл 23 шілдеде басталды. Планетаның негізгі спорттық жарыстары 2020 жылы өтуі тиіс болатын, бірақ COVID-19 пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды.
Олимпиаданың логотипінде квадраттардан, тіктөртбұрыштардан және индиго түсті сызықтардан құралған сақина бейнеленген. Кейбір Желі қолданушыларының пікірінше, бұл сызықтар әрқайсысы алты таңбадан тұратын үш топты құрайды. Ал Олимпиаданың басталған күні «аң санына» келеді. Ойындар 23 шілдеде басталды, егер оны 2-ні 3-ке бөлсек, 0,666 шығады.
Айта кетейік, конспирологияны жақтаушылар әлемді құпия түрде басқарады сатанистер деп санайды. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, COVID-19 пандемиясы нақ осы шайтанға табынушылар қоғамының қолдан жасаған жобасы. Мысалы, бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 666 саны «Спутник-V» вакцинасының логотипінде шифрланғаны, КВИ-ға қарсы вакциналарда 66,6 мл люцифераза құпия заты бар екені, сондай-ақ ПТР-тестілеу жылжымалы пунктінің логотипінде Ежелгі Египеттің өлім құдайы бейнеленгені туралы хабарламалар тараған болатын.
Бұл жолы олар теорияның «дәлелін» Токио Олимпиадасының логотипінен тауып отыр.
Шындығында, онда шайтанға табынудың құпия хабарламалары мен дәлелдері шифрланбаған. Лого авторы – суретші Асао Токоло. Олимпиада ойындарының ресми сайтында тор өрнек жапон Эдо кезеңіне тән ичимацу мойо үлгісімен таңдалғаны айтылған. Терең көк түс Жапон мәдениетінің белгісі, ал тікбұрышты формалардың үш түрі қалай болса да біртұтас болып бірігетін әр түрлі елдердің мәдениеттерін, менталитеті мен ойлау тәсілдерінің айырмашылығын білдіреді. Автор осылайша Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындар әлемді байланыстыратын алаң ретінде әртүрлілікті насихаттауға тырысатынын жеткізбек болған.
Токио Олимпиадасының логотипі конкурс арқылы таңдалды. Өтінімдерді қабылдау 2015 жылдың қараша айында басталып, сол жылдың желтоқсан айында аяқталды. Тиісінше, логотиптің COVID-19 пандемиясымен ешқандай байланысы жоқ, өйткені ол адамзат бұл індет туралы білгенге дейін төрт жыл бұрын жасалған.
Демек, Олимпиада логотипінде шайтанға табынудың символдары шифрланбаған. Олимпиада ойындарының шайтанға табынуға ешқандай қатысы жоқ. Жарысты шайтанға табынушылардың құпия қауымдастығы емес, халықаралық олимпиада комитеті ұйымдастырады.