Fake News

Фейк: «КВИ вакциналары АИТВ жұқтырады және оның құрамында бақылау құрылғылары мен люцифераза бар»

Қазнет қолданушылары америкалық остеопат Кэрри Мадейдің кезекті фейк хабарламасын таратуда. Онда COVID-19 қарсы вакциналар адамға АИТВ жұқтырады, сондай-ақ, оның құрамында арнайы бақылау құрылғысы мен бірқатар қауіпті заттар бар делінген. Бұл жалған.

Остеопат Кэрри Мадей COVID-19, вакциналар және жалпы пандемия туралы ғылымға қарсы пікірлерімен танымал. Тәуелсіз фактчекерлер оның ой қорытындыларын бірнеше рет жоққа шығарған. Канадалық McGill Университетінің мамандары оның мәлімдемелері «өте күлкілі, тіпті оның (Кэрри Мадейдің – авт.) қандай да бір ғылыми білімі бар екеніне сену қиын» дейді.

Алайда, мұндай бағалау ғылымға қарсы идеяларды таратуға кедергі болмауда. Кэрри Мадей үшінші дүниежүзілік соғыс, трансгуманизм және өз мансабы жайлы әртүрлі подкасттар жазуға белсенді қатысады.

Вакциналар адамға АИТВ жұқтыруы мүмкін және оның құрамында бақылау құрылғылары бар, қазір оларды Африка тұрғындарына енгізіп жатыр деген тезистерді Кэрри Мадей осы жылдың 19 наурызында The New American басылымына берген сұхбатында, кейіннен, 4 сәуірде One Radio Network подкастында айтқан болатын.

Бұл идеялардың бірде-біреуі шындыққа жанаспайды.

Вакциналар құрамындағы адамның иммун тапшылығы вирусы туралы мәлімдеме австралиялық вакцинаның клиникалық зерттеулеріне қатысушылардың кейбірінде АИТВ-ға жалған оң нәтиже болғаны туралы хабарламаларға негізделген. Кейін тексере келе, бұл нәтиженің жалған екені расталды, еріктілердің ағзасында АИТВ вирусы анықталған жоқ. Дегенмен, бұл вакцинаны одан әрі әзірлеу жұмыстары тоқтатылды. Препарат жаппай қолдану үшін мақұлданған жоқ.

Басқа вакциналарға қатысты мұндай жағдай болмаған. Австралиялық препарат туралы хабарламалар барлық вакциналар адамдарға АИТВ жұқтырады дегенді білдірмейді.

Адамдарға ұпай беру және әлеуметтік несие жүйесін енгізу үшін вакцина түрінде енгізілетін ID код туралы мәлімдемелер де жалған. Біріншіден, адам ағзасында қуат алмай ұзақ уақыт жұмыс істейтін ақпаратты қабылдап, өңдеп, сақтап, бере алатын кішкентай чиптер әлі ойлап табылған жоқ. Бұл туралы біз бұған дейін жазған болатынбыз.

Адамдарды чиптеу: шынайылық пен қиял

Екіншіден, әлеуметтік несие жүйесі қазіргі кезде Қытайда енгізіліп жатыр және ағзаға чиптерді немесе басқа құрылғыларды енгізуді қажет етпейді.

Қазақстанда мұндай жүйені енгізу жоспарда жоқ. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми түрде мәлімдеді.

– Қазақстанда жаппай бақылау мен әлеуметтік несие жүйесін енгізу жоспарланбаған. Биометриялық ақпарат жинау және сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес деректерді сәйкестендіруді жүргізу үшін жүзеге асырылады. Бүгінгі күні заңнамада ХҚКО қызметкерлерінің биометриялық деректерді тек саусақ іздері бойынша және азаматтың келісімі бойынша ғана жинау мүмкіндігі қарастырылған», – деп хабарлады ведомстводан.

Вакциналардың құрамында люциферин немесе люцифераза бар деген қауесетті де жоққа шығарған болатынбыз. Люцифераза – бұл кейбір жәндіктер мен теңіздің тұңғиығын мекендейтін балықтардың жарқырауына мүмкіндік беретін фермент.

Люциферазаның медицинада және гендік инженерияда қолданылатыны рас. Ол лиофилизденген БЦЖ вакцинасында жасушалардың өміршеңдігін анықтайтын биолюминесцентті әдісте пайдаланылады. Бұл компоненттің COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында бар екендігі туралы мәлімет жоқ.

Адамның екпе алған-алмағанын оның ағзасында құпия бір заттың болуының негізінде анықтау мағынасыз. Вакцинаны алу фактісін растау үшін әлемнің көптеген елдері адамның қашан, қайда және қандай препарат салдырғаны туралы толық мәлімет ұсынылған цифрлық құжаттар енгізді немесе енгізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, Қазақстанда COVID-19 қарсы вакцинацияның электрондық паспорты енгізілді.

Осылайша, остеопат Кэрри Мадейдің бірде-бір мәлімдемесі фактілермен расталмайды. Ол айтқан барлық тезистер ғылымға қарсы және танымал қастандық теорияларының модификациясы болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button