Fake News

Қазақстанда әлеуметтік несие жүйесін енгізу жоспарда жоқ

Facebook әлеуметтік желісінде қазақстандықтар билік қытайлық үлгімен әлеуметтік несие жүйесін енгізуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде. Нәтижесінде, азаматтар жаппай цифрлық бақылауда болады және патриот, адал және жауапты болмаса, қоғамдық көлікті де пайдалана алмай қалады екен. Бұл фейк.

Қазнет пайдаланушылары өз теорияларын жаппай бақылау жүйесін құрудың алғышарттарын байқағандығымен «дәлелдейді». Олардың айтуынша, egov.kz электрондық үкімет порталы шетелдік серверде орналасқан, халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың биометриялық фотосуреттерін жасайды, содан кейін осы және басқа да құпия ақпаратты басқа елдердің басшыларына «жібереді». Бұл жорамалдарды ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жоққа шығарды.

– Қазақстанда жаппай бақылау мен әлеуметтік несие жүйесін енгізу жоспарда жоқ. Биометриялық ақпаратты жинау және сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес деректерді сәйкестендіруді жүргізу үшін жүзеге асырылады. Бүгінгі күні заңнамада ХҚКО қызметкерлерінің биометриялық деректерді тек саусақ іздері бойынша және азаматтың келісімі бойынша ғана жинау мүмкіндігі қарастырылған, – деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ, Министрліктің хабарлауынша, egov.kz электрондық үкімет порталы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан серверде орналастырылған, ал азаматтардың дербес деректерін шет мемлекеттердің аумағына беру тек азаматтарды қорғау мақсатында және қатаң заңнамаға сәйкес жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімі қажет.

Айта кетейік, көп жағдайда азаматтар жеке деректерін әлеуметтік желілер, интернет-дүкендер және т.б. сияқты шетелдік сервистерге өздері ұсынады.

Демек, елімізде әлеуметтік несие жүйесін енгізу және азаматтардың жеке деректерін шетелге жіберу жоспарлары туралы хабарламалар негізсіз және жалған болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button