Фейк: «Ғалымдар COVID-19 вирус емес, бактерия тудыратынын дәлелдеді»
Әлеуметтік желілерде ресейлік ғалымдар ДДСҰ тыйымына қарамастан, КВИ-ден қайтыс болған науқасты ашып тексерген, нәтижесінде олар «сенсациялық жаңалық» ашқан: COVID-19 қоздырғышы вирус емес, бактерия екен, сондықтан ауруды аспиринмен және антибиотиктермен емдеу керек деген фейк таратылуда. Осындай кейбір хабарламаларда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дереккөз ретінде көрсетілген. Бұл жалған.
Денсаулық сақтау министрлігі мұндай мәлімдеме жасамаған. Ведомство таратылған ақпаратқа қатысы барын жоққа шығарды.
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мұндай хабарламалар таратқан жоқ. Бұл фейк, – деп хабарлады ҚР ДСМ.
Таратылым мәтінінің өзі – бұрынғы және белгілі фейктің бір түрі.
Хабарлама авторларының пікірінше, ДДСҰ нұсқауларына қарамастан COVID-19-дан қайтыс болғандарды алдымен италиялық дәрігерлер, содан кейін неміс дәрігерлері ашып тексерген.
Бұл жолы «жаңалықты» ресейлік ғалымдар ашқан екен. Ақпараттың қалған бөлігі өзгермеген. Бұл неге шындыққа жанаспайтынын түсіндіріп өтейік.
ДДСҰ COVID-19-дан көз жұмғандарды ашып тексеруге ешқашан тыйым салған емес. Ұйымның ресми сайтында осы індет салдарынан қайтыс болғандардың денелеріне қатысты іс-әрекеттер нұсқаулығы бар. Онда аутопсия туралы да жазылған. Құжат өткен жылдың 24 мамырында шыққан.
Мәйітті ашып тексеруді жүргізу және зерттеу үшін адам өлгеннен кейін тіндер алу туралы толық нұсқаулық АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) сайтында да бар.
Патологоанатомдардың, соның ішінде ресейлік мамандардың КВИ салдарынан қайтыс болғандардың аутопсиясынан кейін жасаған тұжырымдары туралы БАҚ бірнеше рет хабарлады. Бірде-бір жарияланымда COVID-19 қоздырғышы бактерия болып табылатындығы айтылмаған.
COVID-19-ды SARS-CoV-2 коронавирусы тудыратыны ғылыми дәлелденген. Ол оқшауланған және толық ашылған. Вирус геномы баршаға қол жетімді.
Яғни, вирусты аспиринмен, антикоагулянттармен және антибиотиктермен емдеу тиімсіз. Егер ауру аясында бактериялық инфекция пайда болса немесе тромбоз қаупі туындаса, бұл препараттар КВИ жұқтырған науқастарға тағайындалуы мүмкін. Яғни, антибиотиктер мен коагулянттар коронавирустық инфекцияның өзін емес, онымен қатар жүретін жағдайларды емдеу үшін қолданылады.
Сондай-ақ, таратылған хабарламада COVID-19 қоздырғышы болып табылатын бактерия 5G толқындарының әсеріне ұшырайды, бұл оның теріс әсерін күшейтеді делінген. Бұл ғылымға қарсы.
COVID-19 пандемиясы мен 5G форматындағы желілердің дамуының арасында ешқандай байланыс жоқ. ДДСҰ ресми сайтында мобильді желілер аурудың таралуына ықпал етпейді деп жазылған. Интернет сигналдары ауру таратуы ықтимал деген болжам – ешқандай дәлелі жоқ қастандық теориясы.
Қорыта айтқанда, хабарламада келтірілген мәлімдемелердің ешқайсысы шындыққа жанаспайды және ғылыми фактілерге қайшы келеді.