Мистификация: «Адамдарға өткенді көруге мүмкіндік беретін чип жасалды»

Интернетте өткенге қайта оралуға мүмкіндік беретін Nubbin сенсациялық құрылғысы қызу талқыланып жатыр. Бұл миниатюралық чипті шекеге таққанда адам өткенін көре алады. Алаңдатарлық жағдайлар да орын алған. Кейбір пайдаланушылар бұл күйде бір тәуліктен артық болған, олар шындықпен байланысты толық жоғалтқан екен. Шын мәнінде, бұл америкалық Netflix ойын-сауық компаниясы жасаған мистификация.
The Hollywood Reporter басылымының хабарлауынша, 3 сәуірде бірнеше БАҚ-та бір ақпарат тараған. Бұл – «Қара айнаны» түсірген Чарли Брукерге Nubbin технологиясы туралы жіберілген ішкі электрондық хат. Кейін тағы бір хабарлама келген, онда: «Алдыңғы хатқа назар аудармаңыз» делінген. Содан кейін жаңа Nubbin жобасын ілгерілететін веб-сайт пен TikTok-та проморолик шыққан.
Өнімді атақты адамдар мен танымал блогерлер жарнамалай бастады. Nubbin TikTok-та да көрсетілді. Оның аккаунтына ондаған мың адам жазылды.
Құрылғыны TCKR Systems компаниясы жасап шығарған. Оның профилі іскер адамдарға арналған LinkedIn әлеуметтік желісінде де ашылды.
Бәрі барынша сенімді болып көрінді. Бірақ бірінші болып «Қара айна» телехикаясының көрермендері күмәндана бастады. TCKR Systems компаниясы шоудың бір эпизодында болған. Адамдардың көбі бәрін осыдан барып түсінген.
Шын мәнінде, Nubbin – бұл толығымен ойдан шығарылған нейроинтерфейс, ал науқан Netflix-тің «Қара айна» фильмінің жетінші маусымын насихаттауға арналған мистификациясы болып шықты. Оның премьерасы 10 сәуірде өтті. Жаңа маусымда виртуалды әлем, жасанды интеллект, сананы манипуляциялау және цифрлық шындық тақырыптары қозғалған.
MalwareTips желісіндегі қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар атап өткендей, Netflix трейлер шығарып қана қоймай, өнімнің айналасында балама шындықты да құрды.
Демек, Nubbin және TCKR Systems компаниясы ойдан шығарылған. Бұл жақсы ойластырылған жарнамалар арқылы аудиторияны оңай алдауға болатынына жарқын мысал бола алады. Есесіне, бұл жай жарнама емес, «Қара айна» фильміне ұқсас толыққанды әлеуметтік ойын.