Онлайн алаяқтар жиі пайдаланатын 5 қулық

Қазіргі уақытта интернет-алаяқтар сатушылар, сатып алушылар, банк қызметкерлері, тіпті адамдардың туыстары немесе достары болып жасырын әрекет етуде. Мақсаты – сіздің ақшаңызға немесе жеке деректеріңізге қол жеткізу. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар интернет желісінде жиі пайдаланатын 5 қулықты атады.
Сату туралы хабарландыру. Алаяқтар қызықты ұсыныс жасайды. Адам сол бойынша хабарласады, ақша аударады да, ақырында қаражатсыз қалады.
Банк немесе полиция қызметкерлері болып қоңырау шалады. Алаяқтар сенімді сөйлейді, қауіп-қатер төндіріп тұр деп сендіреді және жылдам әрекет етуге шақырады.
Жалған инвестициялар. Оңай табыс табуға уәде береді, салым салуды немесе банктік қосымшаға кіруге мүмкіндік беруді ұсынады.
Фишинг – жалған сайттар мен хаттар. Олардың бір қарағанда ресми сайттардан айырмашылығы жоқ. Адам сілтеме бойынша өтіп, деректерді енгізеді, нәтижесінде шотқа кіруге мүмкіндік беретін барлық ақпарат қылмыскерлердің қолына түседі. Мессенджерлердегі «достардан» келіп түсетін хабарламалар. Олар қарызға ақша сұрайды, ұтыс ойынына қатысу немесе сауалнамаға жауап беруді өтінеді, содан кейін шоттағы ақша есептен шығарыла бастайды.
«Өзіңізді қорғау үшін, ең алдымен, цифрлық гигиенаны сақтау керек. Ешқашан SMS кодтарын, құпия сөздерді және карта деректемелерін жібермеңіз. Логинді немесе кілт сөзді енгізбес бұрын сайттың мекенжайын міндетті түрде тексеріңіз. Қосымшаларды тек ресми дереккөздерден жүктеп алу керек. Ал бастысы, егер сізге қысым жасалып жатқанын сезінсеңіз немесе сізді асықтырып жатса, ақша аударуға асықпаңыз», – дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері.
Сонымен қаар ведомства өзіңізді қалай қорғауға болатынын айтты:
– SMS кодтарын, PIN кодтарын, картадан CVV және басқа деректерді ешкімге хабарламаңыз.
– Логин мен кілт сөзді енгізбес бұрын сайттың мекенжайын тексеріңіз.
– Күдікті хабарламалардан сілтемелерге өтпеңіз.
– Қосымшаларды тек ресми платформалардан жүктеңіз.
– Ешқашан қысыммен ақша аудармаңыз – қоңырау шалушы өзін полиция қызметкері немесе банкқызметкері ретінде таныстырса да.
– Барлық операциялар бойынша SMS ескертулерін орнатыңыз және кредиттік тарихты тексеріңіз.
«Егер ақшаны немесе деректеріңізді берсеңіз – дереу банк пен полицияға хабарласыңыз. Неғұрлым жылдам әрекет етсеңіз, қаражатты қайтару және қылмыскерлерді тоқтату мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – деп ескертті ҚР ҚНРДА өкілдері.