Fake News

Фейк: «Австриялық дәрігер 45 мың адамды қатерлі ісіктен арнайы диетамен емдеген»

Танымал Instagram аккаунтында қатерлі ісік ауруын арнайы диетамен емдеу ұсынылған. 42 күн бойы тамақ жемей, тек шай мен көкөніс шырынын ғана ішу керек. Осы уақыт ішінде обыр жасушалары өледі, ал денсаулығыңыз жақсарады. Бұл әдіспен 45 мыңнан астам адам емделіп, қатерлі ісіктен айығып шыққан екен. Бұл өтірік.

Диетаның авторы – натуропат және баламалы медицинаның жақтаушы австриялық Рудольф Бройс (Бреусс). Оның диетасы қатерлі ісік жасушалары тек қатты ақуызды тағаммен қоректенеді деген қате пікірге негізделген.

2012 жылғы қатерлі ісікке қарсы диеталарға жасалған шолуда Бройстың диетасын ең көп аталатындардың бірі ретінде атап өтілген. Бұл ретте зерттеушілер оның тиімділігі ғылыми дәлелденбегенін және мұндай диеталар зиянды болуы мүмкін екенін ескертеді.

Халықаралық қатерлі ісікке қарсы зерттеулер институтының шолуында бұл диетаның онкологияны емдеуде ешқандай пайдасы жоқ делінген. Баден-Вюртемберг онкологиялық қауымдастығының сарапшылары дайындаған қатерлі ісікке арналған нұсқаулықта Бройс диетасы қауіпті болуы мүмкін деп жазылған. Онда ұсынылған тамақ ішпеу әдісі айтарлықтай калория тапшылығына әкеледі. Бұл ағзаның онсыз да шектеулі қорғанысын әлсіретеді.

Бройс рецептісіне мынадай көкөністер кіреді: қызылша, сәбіз, балдыркөк тамыры, картоп, шалғам. Ия, бұл өнімдер пайдалы, бірақ олардың онкологиялық ауруларды емдейтін де қасиеттер жоқ.

Бұл диетаның тиімсіздігіне мысал келтірсек, мотоцикл спортынан әлем чемпионы Барри Шин. 2002 жылдың маусымында оған өңеш пен асқазан қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Спортшы дәстүрлі медициналық емнен бас тартып, Бройс диетасын ұстанған. 2003 жылдың наурызында Шин қайтыс болды.

Ғылым мен медицина дамып келеді. 2025 жылдан бері қатерлі ісікке қарсы күреске жаңа буындағы таргеттік, иммундық және радиотерапия, сондай-ақ хирургияның жоғары технологиялық әдістері қосылды. Қазіргі онкология пациенттің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, дербес емдеу әдістерін құруға бағытталған. Онкологиялық ауруларды емдеудің дәлелденген әдістерінің тізімінде көкөніс шырындары жоқ.

Демек, тамақ жетей, тек көкөніс шырындарын ішуге ғана негізделген Рудольф Бройстың қатерлі ісігін емдеуге арналған диетасының тиімділігіне ғылыми дәлелдер жоқ және ол денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін. Бұл әдіс зиянын тигізіп қана қоймай, айтарлықтай калория тапшылығы салдарынан ағзаны әлсіретуі мүмкін.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button